"Мен де жатақханада 9 жыл тұрдым". Депутат баспана алу жолын айтты

Қазақстанда тұрғын үй – халықты алаңдататын басты мәселелердің бірі. Баспананың қымбаттауы, ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігі, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй саясаты – бұл тақырыптар қоғамда жиі талқыланады. Мемлекет бұл бағытта қандай шаралар қабылдауда? Тұрғын үй бағдарламалары халықтың сұранысын қанағаттандыра ала ма? Заңнамалық тұрғыда қандай өзгерістер енгізілді?

BAQ.KZ тілшісінің осы және өзге де маңызды сұрақтарына Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жауап берді. Депутат қазіргі тұрғын үй саясатының негізгі бағыттарын, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын, жастарды баспанамен қамтамасыз ету жолдарын түсіндірді.

Baq.kz: Елімізде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр? Заңнамалық тұрғыда қандай өзгерістер енгізілуде?

Нұртай Сабильянов: Қазір халықтың ең жиі көтеріп жүрген өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету.

Бүгінде Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 650 мыңнан астам азамат тұр. Бұл азаматтарды қалай баспанамен қамтамасыз етеміз? Бұл сұрақ бізді де толғандырады. Өйткені өңірлерге барған кезде осы мәселелер жиі көтеріледі. Мысалы, мен Абай облысынан бір мандатты округтен сайланған депутатпын. Облыста тұрғын үй кезегінде шамамен 19 500 адам тұр. Әр ауылда, әр ауданда, әр қалада тұрғын үй кезегі бар. Міне, Парламентке 2023 жылы 19 наурызда қайта сайланғаннан кейін осы мәселелермен айналысып жатырмын.

Біріншіден, қандай мәселелер шешілді? Біз "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңды қайта қарап, оған өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Осы заңға сәйкес, бұрын сатып алу құқығынсыз тұрғын үй алған азаматтар енді үйлерін жекешелендіре алады. Яғни 2017 жылдан бастап сатып алу құқығынсыз берілген тұрғын үйлер енді жекешелендіруге жатады. Бұл азаматтарға берілген құқық. Ал егер жекешелендіруге қаражаты болмаса, онда ары қарай да тұра беруге болады. Ал егер қаражаты болса, үйді жекешелендіруге толық мүмкіндігі бар.

Осы заңның тағы бір ерекшелігі – тұрғын үйлерді жекешелендірген 11 санатқа тегін жекешелендіруді алып тастау туралы ұсыныс енгізілген болатын. Яғни оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер, әскери қызметшілер және т.б. бар. Бірақ біз осыған байланысты өзіміздің ұсынысымызды енгізіп, бұл норманы заңда сақтап қалған едік. Енді 11 санатқа жататын азаматтар тұрғын үйлерді тегін жекешелендіре алады. Яғни сатып алу құқығынсыз берілген тұрғын үйді азаматтар жекешелендірген кезде ешқандай қаражат төлемейді. Тек өтініш беріп, тиісті құжаттарын өткізсе жеткілікті.

Мысалы, бізде Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар жалға алған тұрғын үйлерін толық жекешелендіру құқығына ие болып отыр.

2024 жылы 4 желтоқсаннан бастап тұрғын үйді жекешелендіру басталды. Бұл жұмыс биыл ақпаннан бастап қарқынды жүргізіледі. Неге? Өйткені заңға тәуекелді құжаттарды – құқықтық актілерді Үкімет қайта қарады. Бұрын тұрғын үйді жекешелендіргенде алғашқы 30% жарнасын төлеу керек болса, енді жаңа ережеге сәйкес, үйді жалға алған азаматтар тұрғын үйдің қалдық бағасының 10%-ын төлеп, қалған 90%-ын 10-15 жылда төлеуге мүмкіндік алып отыр. Мұны да біз ұсынған едік. Өйткені тұрғын үйді жалған азаматтарда оның 30%-ын бірден төлеуге қаражаты бола бермейді. Сол себепті осындай мүмкіндік жасадық.

Бір қоса кетерлігі, бұл тұрғын үйлерді жекешелендіруге берілген құқық, ол міндет емес. Қаражаты жоқ болса, бұрынғышы жалдап тұра береді.

Фото: BAQ.KZ

Baq.kz: Тұрғын үй қалай жекешелендіріледі?

Нұртай Сабильянов: Тұрғын үй, мысалы, оның салынған уақыты 8 жыл болса, онда оның құнынан әр жыл сайын 2% шегеріледі. Яғни 8 жылды 2-ге көбейтеміз, 16 жыл болады. Демек, үйдің салынған құнынан 16% шегеріліп, қалдық құнымен азаматтарға жекешелендіруге беріледі. Мысалы, үй 2017 жылы салынды. Бұл жылы үйдің бағасы 10 млн теңге болды делік. Енді бұл үй 2025 жылы жекешелендіруге беріледі. Енді осы 10 млн теңгенің 16%-ы шегеріліп, ол үй 8,4 млн теңгеге бөліп төлеуге беріледі. Яғни жекешелендіретін азамат бұл соманың бастапқы 10%-ын төлейді. Ал қалған 90%-ын 10 жылдың ішінде өтейді. Бұл да тұрып жатқан үйін жекешелендіріп алғысы келетін азаматтарға үлкен қолдау болып отыр.

Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жеделдету үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгіздік. Бұрын әкімдер тұрғын үй салынып болып, қолданысқа берілгеннен кейін ғана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ететін. Ал бұдан былай әкімдерге дайын сапалы көпқабатты тұрғын үйлерді сатып алуға құқық беріп отырмыз. Яғни әкімдер тұрғын үй салмай-ақ, дайын үйлерді сатып алып, кезектегі азаматтарға бере алады. Бұл заң былтыр қолданысқа енгізілді.

Бастысы – үйдің шекті бағасы болады. Әр өңірде шаршы метріне нақты сома белгіленген.

2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы тұрғын үйлерді сатып алып, халыққа беру екі есеге көбейді. Яғни бұл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту көрсеткіші жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Baq.kz: Жалға берілген үйлерді жекеменшікке өткізу құқығы берілді деп біраз нәтижені айттыңыз. Десе де жалға берілген баспананы жекеге аудару қаншалықты дұрыс?

Нұртай Сабильянов: Өңірлерде сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлердің тұрғындары баспаналарын жекешелендіруге беруді жиі көтерді. Олар жекешелендіріп алып, абаттандыру, жөндеу жұмыстарын өздері жасайтындарын немесе бір бөлмелі пәтерді сатып, оны кеңейтіп алу мәселесін көтерді. Сөйтіп біз бұл мәселені шешіп бердік.

Өйткені бұл мәселенің екінші жағы да бар. Бұл үйлер мемлекеттің меншігінде болатын. Ал оларды ұстап-күту, жөндеу жұмыстарына да қаражат бөліп тұру қажет. Ал мұндай жұмыстарға бюджетте қаражат жоқ. Әрине үй жөнделмегеннен кейін тоза бастайды.

Baq.kz: Елордалық жастарға да сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалдамалы баспана берілді. Бірақ жұмысшы жастар ақша жинап үлгермегендерін айтып, тұрып жатқан үйлерін жекешелендіруге сұрап отыр. Олардың үндеуін көрген шығарсыз?

Нұртай Сабильянов: Иә, бұл мәселені мен өте жақсы білемін. Астана, Алматы қалаларының жастары осы проблеманы көтерді. Жастарды қолдау үшін әкімдіктер кезінде көппәтерлі тұрғын үйлерді салған болатын. Сөйтіп жастар жұмысын істеп, өз баспаналарына ақша жинай алуы үшін 5 жылға үйлерді жалға берді. Бірақ бұл жастар қалада тұрғын үй кезегінде тұрған жоқ. Тұрғын үйді қай уақытта жекешелендіреді? Егер ол тұрғын үй кезегінде тұрып, баспана алатын болса, оны жекешелендіріп береді. Ал енді тұрғын кезегінде жоқ жастар үйді жекешелендіруді сұрап отыр. Алайда бұл жерде кезекте 10-15 жылдан бері тұрғандар "онда неге біз жекешелендіріп алмаймыз?" деп айтуы мүмкін. Оларды да түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселеде барлығын бірдей қамтитын дұрыс шешім қабылдау қажет. Бәлкім, уақытын 5 жыл емес, 7-8 жылға созу керек шығар.

Сонымен бірге жастарға жеңілдетілген ипотека беру жүйесін қарастыру қажет.

Жастардың қойып отырған талабы дұрыс. Бірақ үйлерді жекешелендіргенмен де барлық мәселе шешіле салмайды. Себебі осы бағдарламамен үй аламын деп, кезегін күтіп жүрген жастар да бар. "Мен де осы үйді 5 жылға алып, жағдайымды жасап, пәтеріме ақша жинап алайын" деп жүрген жастар жоқ емес. Сол себепті атқарушы орган жастармен бірге осы мәселені шешу жолдарын қарастыруы қажет.

Baq.kz: 5 жылдың ішінде баспана алуға бастапқы жарна жинауға бола ма? Сіздің ойыңызша, ол мүмкін бе?

Нұртай Сабильянов: Жұмыс істеп, үйдің бастапқы жарнасын жинауға мүмкіндік тудыруға болады. Өйткені қазір бастапқы жарнасы 10-20%-дық ипотекалық бағдарламалар да бар. Бұл пәтерлердің бағасына да байланысты. Қазір баспана да қымбаттап жатыр.

Баспанаға ақша жинау жалақыға да тікелей байланысты. Үйге жинағысы келсе де, жалақысы төмен болып, не азық-түлікке не киіміне жетпеуі мүмкін. Көп жас отбасылы, бала-шағалы. Мұндай мәселелердің бәрін жеке-жеке қарау қажет.

Baq.kz: Елімізде 650 мың адам тұрғын үйге кезекте тұр. Еліміз осы азаматтарды қашан баспанамен қамтамасыз ете алады?

Нұртай Сабильянов: Бәрін бір уақытта қамтамасыз ете алмайды. Өйткені бәрібір кезек қала береді. Адам саны жыл сайын көбейіп келеді. Мысалы, жыл сайын кезекке 60-70 мың адам қосылуы мүмкін. Олардың қатарында 18 жасқа енді толған азаматтар, жұмыс істеп жүрген, көшіп келген азаматтар бар. Бұл үрдіс жалғаса береді. Біздің мақсат – ең алдымен бұрыннан кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету. Сонда әділдік болады.

Тағы бір шешімін тапқан мәселе – енді тұрғын үйлер тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да былтырдан бастап салына бастады. Өйткені тұрғын үйге бөлінген қаражаттың 70%-ы облыс орталықтары мен аудан орталықтарына бағытталса, 30%-ы ауылдық жерлерге бағытталады.

Baq.kz: Өзіңіз неше жасыңызда баспаналы болдыңыз?

Нұртай Сабильянов: Мен жатақханада 9 жыл тұрған адаммын. 5 жылдай студенттік жатақханада тұрсам, 4 жыл зауытта істегенде сол жердің жатақханасында тұрдым. Кейін кәсіпорындарда, бизнес субъектілерінде жұмыс істедім.

1992 жылы несие алып, 30 жасымда 2 бөлмелі пәтер сатып алдым. Оның өзі қызық болды. Несие алған соң, пәтер іздесем, құны ай сайын емес, күн сайын өсіп жатты. Сөйтіп 3 бөлмелі пәтерге алған несием 2 бөлмелі үйге әзер жетті. Солай Алматыдағы "Шұғыла" кинотеатры маңындағы 5 қабатты үйден баспана алдым. Осылайша алғашқы пәтеріме қол жеткізген едім.

Кейін жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен айналысып, басқа үйге көштік.

Мемлекет жастардың баспана алуына қолдау көрсетіп, жастардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Егер жастар бизнеспен, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келсе, жеңілдетілген несие беруді қолға алу қажет.

Baq.kz: Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жас кезінде бойдақ салығын төлегені туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы