"Мен басқалардан қалып қойдым ба?": Мектеп бітіру кеші психологиялық қысымға айналып бара ма?
Психологтің айтуынша, қазіргі түлектерге ҰБТ мен болашаққа алаңдаудан бөлек, әлеуметтік желідегі “идеальный выпускной” көрсету қысымы да қатты әсер етіп жатыр.
Мамыр айында мектеп бітіруші түлектер үшін ең толқынысты кезең басталады. Бір жағында ҰБТ, мамандық таңдау, болашаққа алаңдау болса, екінші жағында соңғы қоңырау, мектеппен қоштасу, бітіру кеші тұр. Қазіргі қоғамда бұл кештер қарапайым естелік форматынан шығып, кейде үлкен әлеуметтік қысымға айналып бара жатқандай. Қымбат мейрамхана, сәнді образ, кәсіби фотосессия, әлеуметтік желідегі “идеальный выпускной” көрсету талпынысы жасөспірімдерге қалай әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі осы мәселе төңірегінде елордадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологі Райгүл Сайлаубаевамен сөйлесті.
Психологтың айтуынша, соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кеші – жай ғана салтанатты рәсім емес. Бұл – жасөспірім өміріндегі маңызды психологиялық өтпелі кезең.
Бұл кезеңнің әсерін бірнеше бағытта қарастыруға болады. Ең алдымен бұл – балалықтан ересектікке өтудің символикалық кезеңі. Бұған дейін мектеп бала үшін тұрақты, қауіпсіз орта болды. Ал енді ол орта аяқталып, әркім өз жолымен кетеді. Сондықтан түлектерде бір мезетте әртүрлі эмоция қатар жүреді: қуаныш, қорқыныш, сағыныш, белгісіздік, - дейді Райгүл Сайлаубаева.
«Балалар мектеппен емес, балалық шағымен қоштасып жатқандай болады»
Психологтің сөзінше, 11 жыл бірге оқыған сыныптастар үшін қоштасу кешінің эмоциялық мәні өте терең.
Он бір жыл ішінде балалар бірге өседі, бірге қуанады, ренжиді, алғашқы достықты, алғашқы махаббатты бастан кешіреді. Бір-бірінің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады. Сондықтан қоштасу сәті келгенде балалар тек мектеппен емес, өздерінің балалық шағымен қоштасып жатқандай сезінеді, – дейді маман.
Осы себепті бітіру кешінде тіпті сабырлы балалардың өзі толқып, жылап қалуы жиі кездеседі.
Мұндай сәттер адамның өмір тарихындағы маңызды бетбұрыс ретінде есте қалады. Көп адам үшін соңғы қоңырау мен бітіру кешінің эмоциясы ондаған жыл өтсе де ұмытылмайды, – дейді психолог.
Оның айтуынша, психологияда мұндай рәсімдер “өтпелі ритуалдар” деп қарастырылады. Олар адамның өмір кезеңдерін бөліп, “мектеп оқушысы кезеңі аяқталды, жаңа өмір басталды” деген ішкі қабылдауды қалыптастырады.
«Идеальный выпускной» қысымы қайдан шықты?
Соңғы жылдары мектеп бітіру кештерінің форматы қатты өзгерген. Қазір түлектер арасында “идеальный выпускной” жасауға деген қысым айқын байқалады.
Бұрын бітіру кеші көбіне сыныппен қоштасу, мұғалімдерге алғыс айту, эмоциямен есте қалатын кеш болса, қазір оған “әдемі контент”, “стиль”, “статус” деген ұғымдар араласып кетті. Қазір балалар “мен әлеуметтік желіде қалай көрінемін?”, “мені қалай бағалайды?” деген нәрсеге көбірек алаңдайды, – дейді Райгүл Сайлаубаева.
Психолог қазіргі жасөспірімдердің бір бөлігі өзін жеке тұлға ретінде емес, “образ” ретінде қабылдай бастағанын айтады.
Қазір көп бала “мен қандай адам болдым?”, “қандай кітап оқыдым?”, “қандай мақсатқа жеттім?” дегеннен гөрі, сыртқы келбетке көбірек мән береді. “Менің құндылығым – менің образым” деген ішкі байланыс қалыптасып бара жатыр, – дейді маман.
Әлеуметтік желі жасөспірімге қалай әсер етеді?
Психологтің сөзінше, әлеуметтік желі қазіргі түлектердің психологиясына өте күшті әсер етіп отыр.
Әлеуметтік желіде сәнді көйлек, қымбат ресторан, лимузин, кәсіби фотосессия, “эффект”, “стиль” деген нәрселерге көп мән беріледі. Біреудің оған шамасы бар, біреудің шамасы жоқ. Бірақ балалар бәрібір қалып қойғысы келмейді. Сондықтан кей түлектер “менің көйлегім әдемі емес”, “мен басқалардан қалып қойдым ба?”, “міндетті түрде ерекше болуым керек пе?” деген ойлармен жүреді, – дейді ол.
Маман мұндай әлеуметтік салыстырудың жасөспірім психологиясына қатты әсер ететінін айтады.
Бұл жаста адамның өзін-өзі бағалауы құрдастарының пікіріне өте тәуелді болады. Егер бала “мен басқалардай емеспін”, “менің отбасым мұндай шығын көтере алмайды” деп ойласа, онда бұл ұялу, өзін төмен сезіну, әлеуметтік қысылу сияқты сезімдерді тудыруы мүмкін, – дейді психолог.
Оның айтуынша, әлеуметтік желі шынайы өмірді емес, “витринаны” көрсетеді.
Әлеуметтік желідегі кештердің көбінде тек әдемі кадрлар жарияланады. Бірақ адамның ішкі эмоциясы кадрдан көрінбейді. Сондықтан балалар шынайы өмірді емес, әдемі “витринаны” салыстырып кетеді, – дейді маман.
«Винетка мәдениеті» қалай өзгерді?
Психолог бұрын винетка жай ғана естелік болса, қазір оның да мағынасы өзгергенін айтады.
Бұрын мектеп альбомы “сыныптастарыммен бірге түскен естелік” ретінде қабылданатын. Қазір кей жерде ол имидж жасау құралына айналды. Фотоның сапасы, бренд киім, макияж, локация маңызды болып кетті, – дейді Райгүл Сайлаубаева.
ҰБТ мен грант қысымы
Түлектердің эмоционалдық жағдайына ең қатты әсер ететін мәселенің бірі – ҰБТ мен грант тақырыбы.
Көп түлек “осы нәтиже менің бүкіл өмірімді шешеді” деп ойлайды. Кейбіреулер ата-анасының үмітін ақтай алмай қаламын деп қорқады. Бұл тұрақты мазасыздыққа, ұйқының бұзылуына, эмоционалдық шаршауға әкелуі мүмкін, – дейді маман.
Психологтың сөзінше, грант мәселесі кей отбасыларда ерекше қысымға айналады.
Грант көптеген отбасы үшін маңызды болғандықтан, кей балалар қаржылық жауапкершілікті өз мойнына алып қояды. “Грантқа түспесем бәрін құлатамын ба?”, “ата-анамның үмітін ақтамай қаламын ба?” деген қорқыныштар болады, – дейді ол.
Сонымен қатар бұл жаста көп жас әлі толық қалыптасып үлгермегенін айтады.
17-18 жаста адам кім болатынын, өмір жолын толық анықтап үлгермеуі мүмкін. Сондықтан “дұрыс таңдамай қалсам ше?”, “маған не ұнайтынын өзім әлі білмеймін”, “бәрі менен озып кетсе ше?” деген ішкі дағдарыстар да болуы мүмкін, – дейді психолог.
«Балаларды балмен бағаламаңыздар»
Психолог ата-аналарға балаларын тек нәтиже арқылы бағаламауға кеңес береді.
Егер бала “мені тек жетістік үшін жақсы көреді” деп сезінсе, бұл ұзақ психологиялық қысымға айналуы мүмкін. Сондықтан “сен бізге нәтижең үшін емес, өзің үшін қымбатсың” дегенді бала үнемі сезінуі керек, – дейді Райгүл Сайлаубаева.
Ол ата-ананың бір ауыз сабырлы сөзі кейде баланың мазасыздығын азайтатынын айтады.
“Сенің құндылығың ҰБТ ұпайымен өлшенбейді”, “біз үшін сен бәрібір қымбатсың”, “қателесуге болады”, “өмір мұнымен тоқтап қалмайды” деген сөздерді жиі айту керек, – дейді маман.
Қауіпсіздік – басты мәселе
Психолог мектеп бітіру кешіндегі ең маңызды нәрсе сән емес, қауіпсіздік болуы керек екенін айтады.
Бұл кезеңде эмоция өте жоғары болады. Жасөспірімдер тәуекелді толық бағалай бермейді. Кейде “ересек болдық” деген сезіммен қауіпті әрекеттерге баруы мүмкін, – дейді ол.
Маман әсіресе:
- түнгі серуен,
- көлікпен қыдыру,
- су жағасына бару,
- экстремалды фотосессия,
- алкоголь,
- әлеуметтік желіге рұқсатсыз видео тарату сияқты әрекеттерге ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
Көп жағдайда қауіп дәл “ересек болып көріну” ниетінен туындайды. Сондықтан балаларға тек тыйым салмай, оның салдарын түсіндіру керек. Қасында жауапты ересектер болғаны маңызды, – дейді психолог.
«Идеальный кеш емес, жылы атмосфера маңызды»
Райгүл Сайлаубаеваның сөзінше, мектеп бітіру кешінің басты мақсаты - баланың өзін қауіпсіз әрі қабылданған ортада сезінуі.
Бұл кезеңнің ең басты құндылығы – идеальный кеш емес, қымбат образ емес, мінсіз нәтиже емес. Ең маңыздысы – адамның өміріндегі үлкен кезеңді қауіпсіз, жылы, қолдау атмосферасында аяқтауы, – дейді ол.
Психологтың пікірінше, ең есте қалатын кештер көбіне қарапайым форматта өтеді.
Көп жағдайда балаларға ең жылы әсер қалдыратын кештер – мектеп ауласындағы, қарапайым, шынайы атмосферадағы кештер. Ең маңыздысы – ортақ естелік, қимастық, алғыс айту, – дейді маман.
«Өмір бір кешпен шешілмейді»
Сөз соңында психолог түлектерге маңызды кеңес айтты.
Бұл кезеңді өмірдің соңғы шешуші нүктесі деп қабылдамаңыздар. Бұл – үлкен жолдың алғашқы қадамдарының бірі ғана. Қателесу өмірдің аяқталуы емес. Бір нәтиже сіздің толық құндылығыңызды анықтамайды. Өмір кейін мүлде басқа арнаға бұрылып кетуі мүмкін, – дейді Райгүл Сайлаубаева.
Оның айтуынша, мектеп бітіру кешінен кейін өмір тоқтап қалмайды.
Бірнеше жылдан кейін адам көбіне қандай көйлек кигенін емес, сол кеште өзін қалай сезінгенін, қасында кім болғанын, қандай эмоция алғанын еске алады. Сондықтан ең бастысы – өзіңізді бақытты, қабылданған, қауіпсіз сезіну, – дейді психолог.
Еске салсақ, бұған дейін соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде қандай шараларға тыйым салынғанын жаздық.
Сондай-ақ, “Соңғы қоңырау” атауының өзі өзгеріп жатқаны, биыл мектеп бітіру кештері қалай өтетіні хабарланды.