Мемқызметтің 94 пайызы электронды форматқа ауысты – Мусин
Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бойынша осы жылы 85 іс-шара жоспарланған. Ол іс-шаралар барлық мемлекеттік органмен бірге ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет басшысы бізге мемлекеттік қызметтердің бизнес-процесстеріне реинжиниринг жасау туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында біз 5 мың процестен тұратын тізім құрып, олардың 175-іне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасадық. Атап айтқанда, әрбір қызметті саралай келе, оларды алу үшін азаматтар қанша қадам мен сатыдан өтуін, жұмсалатын қағаз көлемін анықтап, қажетсіз бюрократияны жойдық. Нәтижесінде, жаңа әдістеме негізінде бизнес-процестердің жақсару деңгейі 54 пайызға жетті, - деп мәлімдеді Мусин.
Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалмақ.
Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Олардың үлесі 94 пайызға жетті. Алдағы мақсат - проактивті жұмыс форматына көшу. Ондай қызметтердің саны 25-ке жетіп отыр, - деді министр.