Мемлекеттік қызметкерлерді ауылға тартуға байланысты жаңа ұсыныс айтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова мемлекеттік қызметшілерді "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қатыстыруды ұсынды.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Баяндама жасаған агенттік төрайымы осындай ұсыныс айтты.
Қазіргі уақытта ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарда кадрлардың жетіспеушілігі орын алып отыр. Осы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша ауылдардың кадрлық тапшылығы 1068 адам. Оның ішінде атқарушы деңгейде 936 адамнан астам. Түзетулер ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, мемлекеттік қызметке білікті кадрларды тарту мақсатында ұсынылған.Бастама мемлекеттік басшысымен 2017 жылғы 12 шілдеде мақұлданған болатын, - дейді Анар Жайылғанова.
Ол сонымен "А" корпусының кадр қысқарту мәселесіне тоқталып кетті. Оның айтуынша, соңғы екі жылдағы тағайындауларға жасалған талдау - олардың 66 пайызы кадрлық резервтен тыс жүзеге асырылатынын көрсеткен.
Бұл резервке алынған адамдардың мемлекеттік органдардың салалық қажеттіліктеріне көп жағдайда сәйкес келмейтіндігінен болып отыр. Бүгінгі таңда "А" корпусының резервінде 25 қана резервші бар. "А" корпусының кадр резервіне соңғы нақты іріктеу 2017 жылы өткізілген. Сондай-ақ, "А" корпусындағы лауазымдар саны аудан әкімдеріне мемлекеттік саяси қызметшілер мәртебесі берілгеннен кейін айтарлықтай қысқарғанын атап өту қажет. Президент әкімшілігі секторларының меңгерушілері, Парламент палаталары, премьер-министр кеңсесінің, агенттік бөлімдерінің меңгерушілері «А» корпусынан шығарылғанын білесіздер. Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің қолданыстағы тізілімі тек "А" корпусына жататын үш лауазым санатынан ғана тұрады. Бұл ретте жауапты хатшы, аппарат басшысы, комитет төрағасы қамтылған. Сонымен қатар, осы резервті қысқарту – "А" корпусының лауазымдарына үміткерлер тобын кеңейтуге, аталған лауазымдарды жедел толықтыруға мүмкіндік береді, - дейді агенттік төрайымы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада АӘК алатын азаматтарға азық-түлік жиынтығы берілуде
Өзгелердің жаңалығы