Кеше 2026, 17:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мем болып басталған мегажоба: LRT-ның алғашқы күндері қалай өтті?

Астанада LRT-ға міну үшін кезек пайда болды.

Астанада көп жылдан бері талқыға түсіп келген LRT жобасы өткен демалыста іске қосылды. Бір кездері “бітпейтін құрылыс”, “елорданың мемі” атанған жоба бүгінде қаланың әрі әлеуметтік желінің ең қызу тақырыбына айналды. Ашылғаннан бері жеңіл рельсті көлікпен 180 мың адам жүріп те үлгерген. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі бас қаланың жаңа символы болып үлгерген LRT-ға жолу жасады.

Тоқаев алғашқы жолаушы болды

16 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жүйесін ресми түрде іске қосты. Мемлекет басшысы “Әуежай” станциясынан “Ұлттық музей” станциясына дейін барып, жаңа көліктің алғашқы жолаушысы атанды. Президентке арнайы 001 сериялы жол жүру картасы табысталды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде LRT елорда үшін стратегиялық маңызы бар жоба екенін айтып, Астана болашақта Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Әлеуметтік желіде LRT “хайпқа” айналды

LRT іске қосылған сәттен бастап TikTok, Instagram және Threads платформаларында жаңа көлікке қатысты видеолар қаптады. Бірі вагон ішін түсірсе, енді бірі алғашқы сапардағы әсерін бөлісті.

Тіпті кей тұрғындар LRT-ны “Астананың жаңа серуен орнына” айналғанын айтып жатты.

Әсіресе, станциялардағы ұзын-сонар кезек әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кей жолаушылар бірнеше рейс өткізіп барып қана мінген. Интернетте “LRT-ға міну үшін де очередь керек болды” деген әзілдер көбейді.

Көпшілік үшін бұл жай қоғамдық көлік емес, жылдар бойы тоқтап тұрған жобаның ақыры іске қосылғанының символына айналды. Тіпті кей станцияларда тұрғындар шашу шашып, қуанышын жасырмады.

Алғашқы техникалық сынақты да бастан өткерді

Алайда алғашқы күндер тек позитивпен өткен жоқ. Әлеуметтік желіде LRT қозғалысының уақытша тоқтап қалғаны туралы видеолар тарады. Кейін CTS компаниясы жүйенің шамамен 30 минутқа кідіргенін растады.

Компания өкілдерінің түсіндіруінше, LRT толықтай жүргізушісіз жүйемен жұмыс істейтіндіктен, қауіпсіздік алгоритмдері автоматты түрде іске қосылған. Мұндай жағдайда пойыздар уақытша тоқтап, тексерістен кейін қайта қозғалысқа жіберіледі.

Ал вагон ішіндегі кей жолаушылар ауа жетпегенін айтып, есіктерді ашуға әрекет жасаған.

Бір күнде 100 мың адам мінген

CTS мәліметінше, LRT іске қосылғалы бері жолаушылар саны 180 мың адамға жеткен. Ал 17 мамыр күні ғана жаңа көлікпен 100 мың адам жүрген.

Бұл көрсеткіш жобаланған тәуліктік жүктемеден де асып түскені айтылды. Осыған байланысты компания жолаушылардан қауіпсіздік талаптарын сақтауды және автоматтандырылған жүйенің жұмысына кедергі келтірмеуді сұрады.

LRT енді Қосшыға дейін бара ма?

LRT-ның алғашқы күндеріндегі талқымен қатар, Қосшы бағытына жаңа желі тарту мәселесі де қайта көтерілді. Бұл желінің құрылысын China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd жүзеге асырады.

Компания мәліметінше, бұл – Astana LRT-ның бірінші кезеңін салған мердігер. Әзірге жобаның нақты қашан басталатыны мен қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз.

Сондай-ақ Қарқаралы тасжолы бойымен өтетін екінші кезең құрылысы кезінде жолдарды толық жабу немесе көлік қозғалысына қатаң шектеу енгізу жоспарланып отырмағаны айтылды.

“Мем” болған жобадан мегаполистің жаңа символына дейін

Бір кездері қоғамда қатты сыналған LRT бүгінде Астананың жаңа символына айналып бара жатқандай. Иә, алғашқы күндері кептеліс те болды, техникалық кідіріс те кездесті. Бірақ соған қарамастан, астаналықтардың жаңа көлікке деген қызығушылығы өте жоғары екені байқалды.

Қазірдің өзінде LRT маңында контент түсіретіндер, арнайы барып мінетіндер, балаларын ертіп экскурсия жасайтындар көбейген. Көпшілік үшін бұл жай қоғамдық көлік емес, елорданың жаңа кезеңінің белгісіндей әсер қалдырып отыр.