Мемлекеттің тұтастығын сақтау жолында ұлт болып ұйысатын кезең – Мәулен Әшімбаев
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркістан облысының халқымен кездесуі туралы пікір білдірді. Ол «тұрақты өсіп-өркендеуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет екенін» жазған Президент позициясына қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір бүкіл әлем толқып тұр. Геосаяси жағдай шиеленісіп, халықаралық ахуалдың қиындай түскенін бәріміз көріп отырмыз. Жаһан жұрты, шын мәнінде, күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай сәтте мемлекеттілікті сақтау, елдікті нығайту деген мәселелердің маңызы арта түсетіні анық.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде осы жайтқа назар аударып, тұрақты өсіп-өркендеуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет екенін атап өтті. Президентіміз айтқандай, бірлік – бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі. Сондықтан әр істе парасаттылық пен сабырлық таныту еліміздің амандығы мен жеріміздің бүтіндігі үшін аса маңызды.
Мәулен Әшімбаев Ресейден кеп жатқандарға қатысты да Президенттің ұстанып отырған саясатының дұрыс екендігін атап өтті.
Қазіргі таңда елімізге көрші мемлекеттен келіп жатқандар туралы мәселе көптің көкейінде жүргені белгілі. Соған байланысты Мемлекет басшысы осы түйткілге арнайы тоқталып, барлық істі байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз қажет екенін айтты. Мұндай жағдайда татулыққа табан тірей отырып әрекет етсек, ұтылмайтынымыз анық. Президентіміз бұл бағыттағы жұмыстың бәрі ең алдымен ұлттық мүддеміз бен еліміздің тұрақтылығын көздейтінін айрықша атап өтті.
Ең бастысы, бүгінгідей алмағайып кезеңде бірінші кезекте береке-бірлігімізге сызат түсірмеуіміз керек. Бұл – жұрт болып жұмылатын міндет. Қазір мемлекеттің тұтастығын сақтау жолында ұлт болып ұйысатын кезең. Оны жаһанның бүгінгі жай-күйі анық көрсетіп отыр. Сондықтан бұл сынақтан да абыроймен өтіп, алдымызда тұрған барлық мақсатты сәтті жүзеге асырамыз деп сенеміз.