Мемлекеттік зейнет жасын күтпей зейнетақы алуға бола ма? – Маман жауап берді
Зейнетақы аннуитеті деген не?
Маманның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік зейнетақы жүйесі үш негізгі төлем көзінен тұрады: базалық зейнетақы, ынтымақты зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) төлемдері. Ынтымақты зейнетақы алу үшін азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі болуы қажет.
Ал зейнетақы аннуитеті мемлекеттік жүйені толығымен алмастырмайды. Ол - азаматтың зейнетақы капиталының бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударып, ертерек төлем алуға мүмкіндік беретін балама құрал.
Адам мемлекеттік жүйеде қала ма, әлде зейнетақы капиталының бір бөлігін сақтандыру компаниясына аудара ма - оны өзі шешеді. Аннуитет арқылы төлемді мемлекеттік зейнет жасына жетпей алуға болады, - деді Айгүл Сәдуақасова.
Маман зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алу жасы ерлер мен әйелдер үшін әртүрлі дейді. Қазіргі тәртіп бойынша әйелдер 53 жастан, ерлер 55 жастан бастап төлем ала алады. Ал зиянды өндірісте жұмыс істеген азаматтар үшін бұл жас 50 болып белгіленген.
Дегенмен аннуитет шартын одан ертерек рәсімдеуге болады. Маманның айтуынша, кеңсе қызметкерлері 45 жастан, ал зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер 40 жастан бастап келісімшарт жасай алады. Бірақ төлем бірден басталмайды, ол белгіленген жасқа жеткенде төленеді.
Сақтандыру компаниясы банкротқа ұшыраса, ақша не болады?
Зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аударуға қатысты азаматтарды алаңдататын негізгі сұрақтың бірі - қаражаттың қауіпсіздігі. Айгүл Сәдуақасова бұл бағытта сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі жұмыс істейтінін айтты.
Оның сөзінше, егер сақтандыру компаниясы банкротқа ұшыраса, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры азаматтардың мүддесін қорғауға қатысады. Міндеттемелер басқа сақтандыру компаниясына берілгенге дейін де клиенттердің төлемдері қорғаныс тетіктері арқылы қамтамасыз етіледі.
Маманның айтуынша, сақтандыру нарығында компанияның қызметі тоқтаған жағдайда оның клиенттері басқа компанияларға берілуі мүмкін. Сондықтан сақтандыру компаниясындағы өзгерістер клиенттің төлемдерден бірден айырылатынын білдірмейді.
Сондай-ақ ол зейнетақы аннуитеті жай ғана жеке сақтандыру өнімі емес екенін атап өтті. Бұл құралдың жұмысы заңнамамен, соның ішінде Әлеуметтік кодекспен реттеледі. Мемлекет сақтандыру нарығын реттеу арқылы азаматтардың мүддесін қорғауға қатысады.
Неліктен әйелдерге көбірек ақша қажет?
Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін қажетті жинақ мөлшері адамның жасына және жынысына байланысты өзгереді.
Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, 45 жастағы ер адамға зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін шамамен 9,16 миллион теңге қажет болуы мүмкін. Ал әйелдер үшін қажетті сома 11 миллион теңгеге жуық.
Маман мұндай айырмашылықтың себебін актуарлық есептеу әдісімен түсіндірді. Бұл есептеулерде адамның өмір сүру ұзақтығы ескеріледі.
Өмір сүру ұзақтығына қатысты кестелерге сәйкес, әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді. Бұл актуарлық есептеулерге әсер етеді. Сәйкесінше, әйелдер үшін қажетті жинақ мөлшері де жоғары болады, - деді ол.
Осылайша, зейнетақы аннуитеті азаматтарға мемлекеттік зейнет жасына дейін төлем алуды бастауға мүмкіндік береді. Алайда келісімшарт жасамас бұрын қажетті жинақ көлемін, төлемнің басталу жасын және шарт талаптарын мұқият есептеп алған жөн.