Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтің 80% электрондық форматқа көшіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасының тапсырмасына сәйкес биыл мемлекеттік қызметтің 80% электрондық форматқа көшірілетін болады, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл ретте Үкімет қағаз жүзінде ұсынылатын құжаттардың санын 110 миллионға қысқартуды жоспарлап отыр.

"Бүгінде ведомство көрсететін 38 мемлекеттік қызметтің 13 электрондық форматта, төрт қызмет – проактивті (өтінішсіз), жеті қызмет-бір өтініш принципі бойынша көрсетіледі. Атап айтқанда, бала туу бойынша жәрдемақы өтінішсіз тағайындалады. Ал бір өтініш принципі бойынша кешенді түрде төрт түрлі зейнетақы төлемі тағайындалады. Сонымен қатар, жақында енгізілген электрондық мемлекеттік қызметтердің ішінде міндетті сақтандыру жүйесіне қатысушыға жұмыс берушінің жұмыскерге жүргізген әлеуметтік аударымдар туралы толық және уақтылы мәліметтерді иеленуге мүмкіндік беретін әлеуметтік есептеудің жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпаратты беру бойынша қызмет ұсынылған", - делінген хабарламада. 

Министрліктің жоспарында жылдың соңына дейін тағы 20 мемлекеттік қызметті электрондық және проактивті форматқа көшіру көзделген. 

"1-топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау және жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін жолдама беру сияқты қызметтерді электрондық және проактивті форматқа ауыстыру жоспарлануда. Сонымен бірге, ведомство азаматтарға онлайн режимде көрсетілетін қызмет қандай деңгейде екенін көруге мүмкіндік беретін мемлекеттік қызметтердің мониторингі жүйесін енгізуді жоспарлап отыр", - деп хабарлайды ведомствода.

Сондай-ақ, Еңбек министрлігін цифрландыру шеңберінде: электрондық еңбек биржасы, электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі, пилоттық режимде – отбасының әлеуметтік картасы және әлеуметтік қызметтер порталы және тағы басқа бірқатар жобалар табысты іске асырылып жатқанын атап өткен жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы