Мемлекеттік қызметкерлер ісімен танысуға 1700-ден астам адам келді

Астана, BAQ.KZ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, сондай-ақ оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволарында ашық есік күні өтті. Бұл туралы ҚР МҚІСЖҚА баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шара барысында қатысушыларға Агенттік қызметкерлерінің іс жүзіндегі жұмыстары таныстырылып, оның негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ тиісті әдістемелік және құқықтық көмектер көрсетілді.

"Келушілерді уәкілетті орган қызметінің негізгі бағыттары қызықтырды – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, мемлекеттік қызметке түсу және өткеру. Агенттіктің әрбір құрылымдық бөлімшесінің басшылары өздері жауапты департаменттің қызметімен таныстырды, толығырақ күнделікті орындалатын бизнес-процесстерге тоқталып, түскен әрбір сұраққа нақты жауап қайтарды", - делінген хабарламада.

Келушілердің қатарында жоғары оқу орындарының студенттері де аз болмады, оларды мансаптық өсу, мемлекеттік органдарда көп сұранысқа ие мамандықтар тізімі қызықтырды. Жастардың басым бөлігі алдағы уақытта бос лауазымдар конкурсына қатысуға ниетті екендерін жасырмады. 

ҚР МҚІСЖҚА мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында өткен ашық есік күніне келгендер, жедел-тергеу құрылымдарының жұмысы, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларға сыйақы тағайындау тәртібі, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу тәсілдері, сондай-ақ жемқорлық фактілері бойынша өтінішті беру құралдары қызықтырды.  

"Республика бойынша аталған шараға жалпы 1700-ден астам адам қатысты. Бұл шараны өткізу мемлекеттік орган мен халық арасында сенімді қатынастың орнауына септігін тигізді, сонымен қатар, Агенттіктің айқындық және ашықтық жолын ұстанатындығын тағы да бір көрсетті. Агенттік ашық есік күндерін өткізуді алдағы уақытта да жалғастыратын болады", - деп хабарлады агенттікте.

Айта кету керек, 2019 жылдың 23 ақпанында "Ашық есік күні" ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында да өткізілген болатын. 

Осы күні Астана қаласындағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер оқу орнының басшылығы мен оқытушыларынан Академияға оқуға түсу және қабылдау тәртібі туралы толыққанды ақпарат алды. Оқуды аяқтаған соң кәсіби және тұлғалық өсу мүмкіндіктері туралы Академияның магистранттары мен түлектері айтып берді.   

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің әрбір азаматы 1424 Call-орталығы (қоңырау шалу тегін) хабарласу арқылы мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметшілермен әдеп ережелерін сақтау,  мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы туралы бірыңғай кеңес ала алады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау мүмкіндігі бар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы