Мемлекеттік қызмет мәртебесі

Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өткен жылы жастарды тарту және мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибеден өтуге мүмкіндік беру мақсатында мемлекеттік қызмет мектебін ашқан болатын. Оған 32 студент іріктеліп алынды.

Солардың бірі - Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде "мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша білім алып жатқан, 4 курс студенті Сұлтан Масалимов. Ол болашақта мемлекеттік қызмет мектебінде алған білімі мен тәжірибесін іс жүзінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Бұл мектептің біз сияқты студенттерге берері мол деп есептеймін. Мемлекеттік қызметтегі азамат жауапкершілігі жоғары, тиянақты және де өз ісіне адал, мемлекеттік  дамуына өз үлесін қоса алатын адам болуы керек деп ойлаймын», - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Сұлтан Масалимов.

Сонымен қатар, агенттік өкілдері атап өткендей, мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге ниет білдірушілер саны артып келе жатыр. Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден - тұрақтылық факторы. Екіншіден, меритократия қағидаты негізінде мансаптық өсу жолында үлкен мүмкіндіктердің болуы.

«Мемлекеттік қызметші дегеніміз – елдің мүддесі үшін күшін, уақытын аямай, еңбек ететін тұлға. Мемлекеттік қызметшінің бойында кәсібилікпен бірге, адамгершілік қасиеттер, жауапкершілікті сезіне білетін, ой-пікірін ашық айта алатын қасиеттер болуы тиіс деп ойлаймын»,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Руслан Түңғышбаев.

Қазіргі уақытта Атырау өңірінде 3000-нан астам мемлекеттік қызметші бар. Олардың басым бөлігі - әйелдер.  Ал, мемлекеттік орган қызметкерлерінің орташа жасы 38-ді құрайды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы