Мемлекеттік тізілім, сертификаттау және жаңа талаптар: Қазақстанда психологтардың жұмысы қалай өзгереді?
Қазақстанда психологтардың жұмысына қатысты жаңа ережелер, соның ішінде мамандардың мемлекеттік тізілімін құру, біліміне қойылатын талаптар және міндетті сертификаттау мәселелері талқыланып жатыр. Бұл өзгерістер азаматтарды сапасыз психологиялық көмектен қорғауға бағытталған. Алайда тәжірибелі мамандардың да сұрағы көп: тізілім кәсібилікке кепіл бола ала ма, сертификаттау қалай өтеді және қосымша талаптар кеңес беру құнының өсуіне әкелмей ме? Осы мәселелер жөнінде BAQ.KZ тілшісі 25 жылдық тәжірибесі бар психолог Елена Лосевамен сөйлесті.
Заң күшіне енді: психологтар үшін не өзгерді?
Қазақстанда «Психологиялық қызмет туралы» заңға 2026 жылғы 2 шілдеде қол қойылып, ол 2 қыркүйекте күшіне енді. Құжат мамандардың біліктілігіне бірыңғай талаптар белгілеп, психологтардың мемлекеттік тізілімін құруды, кәсіби әдепті сақтауды және клиенттердің құқықтарын қорғауды көздейді.
Заңның жекелеген ережелері кезең-кезеңімен енгізіледі. Атап айтқанда, міндетті сертификаттау туралы бап 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.
Заңға сәйкес, психологтар құжат күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде мемлекеттік тізілімге тіркелуге тиіс. Тіркеуден өтпеген мамандардың заң аясында психологиялық қызмет көрсетуге және өзін психолог ретінде таныстыруға құқығы жоқ.
Сондай-ақ заң кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыруды, клиентке қажетті ақпаратты беріп, оның келісімін алуды және кәсіби құпияны сақтауды көздейді.
Психологтарға жеке заң не үшін қажет болды?
25 жылдан бері жеке және топтық кеңес берумен айналысып келе жатқан психолог Елена Лосева жұмысқа ортақ ережелердің енгізілуін оң бағалайды.
Бір кезеңде нарықта бейіндік білім беретін, бірақ жоғары білімнің орнын баспайтын курстар қаптап кетті. Бұл курстар қажетті талаптарға әрдайым сай келе бермейтін. Соның салдарынан диагноз қойып, кепілдік беретін, бір, екі немесе үш кездесуде тұрақты нәтижеге жеткізуге уәде ететін мамандар пайда болды, – дейді психолог.
Сарапшының айтуынша, психологияның, соның ішінде әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуы осы қызметке сұранысты арттырған.
Мен 1997-2002 жылдары университетте бес жыл оқыдым. Қазір үш айлық курстан өтіп, сертификат алу әлдеқайда оңай. Содан кейін адам өзін психолог деп атап, кеңес беру ақысын дипломы бар мамандармен бірдей деңгейде белгілей алады, – деп түсіндірді ол.
Елена Лосеваның пікірінше, қарапайым клиент жоғары білімі бар маман мен қысқамерзімді курстан өткен адамның айырмашылығын бірден аңғара бермейді.
Сондықтан мемлекеттік тізілім маманның біліктілігін тексерудің қосымша құралы бола алады.
Диплом сапалы көмекке кепіл бола ма?
Заңды оң бағалағанымен, психолог дипломның болуы кеңес беру сапасына өздігінен кепілдік бермейтінін айтады.
Заң мен тізілім, шын мәнінде, неге кепілдік береді? Адамның қолында дипломы бар екеніне ғана. Бірақ оның қандай маман екеніне және қандай көмек көрсете алатынына кепіл бола алмайды, – деп атап өтті Елена Лосева.
Оның айтуынша, психологтың кәсібилігі тек білімімен өлшенбейді. Үнемі іздену, практикалық тәжірибе, әдеп нормаларын сақтау және клиентпен сенімді қарым-қатынас орната білу де маңызды.
Психологтың кеңес беру ақысы қымбаттауы мүмкін бе?
Жаңа кәсіби талаптарды орындауға кететін шығын негізгі мәселелердің бірі болып отыр.
Заңға сәйкес, психологтар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға тиіс. Ал 2028 жылдан бастап сертификаттау туралы ереже де қолданысқа енеді.
Кәсіби қайта даярлаудан өтуге жүздеген мың теңге кетеді. Тіпті миллиондаған теңге қажет болуы мүмкін. Егер менен біліктілігімді тұрақты түрде арттыру талап етілсе, кеңес беру ақысын белгілегенде осы шығындарды ескеруге мәжбүр боламын, – деп түсіндірді ол.
Мамандар жаңа талаптарды айналып өте ала ма?
Елена Лосеваның болжамынша, кейбір кеңесшілер «психолог» атауынан бас тартып, өзін «лайф-коуч» немесе «өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсететін маман» деп таныстыра бастауы мүмкін.
Алайда заң тіркелмеген адамдарға өзін психолог деп таныстыруға ғана емес, психологиялық қызмет көрсететіні жөнінде азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін атауларды қолдануға да тыйым салады.
Білікті психологты қалай таңдауға болады?
Елена Лосева ең алдымен маманның ашықтығына назар аударуға кеңес береді.
Жақсы маман алған білімі туралы әрдайым ашық айтады. Одан дипломын көрсетуді сұрай аласыз. Ол немен айналысатынын, қай бағытта жұмыс істейтінін және қандай мәселелер бойынша көмектесе алатынын нақты түсіндіреді, – деді ол.
Психологтың өз құзыретінің шегін білуі де маңызды.
Жақсы маман – сізбен сенімді байланыс орната алған адам. Онымен бір команда екеніңізді, оның сізге көмектесіп жатқанын және сол көмектің өміріңізге оң әсер етіп жатқанын сезінесіз, – деп атап өтті Лосева.
Сондай-ақ ол белгілі бір кездесу санынан кейін міндетті түрде нәтижеге жеткізуге уәде беретін немесе терапияны тоқтатса, жағымсыз салдары болады деп клиентті қорқытып ұстап қалуға тырысатын мамандардан сақ болуға шақырады.
Жасанды интеллект психологты алмастыра ала ма?
Нейрожелілердің дамуына байланысты жасанды интеллект арқылы психологиялық қолдау алу мүмкіндігі жиі талқыланып жүр.
Нейрожеліге кез келген сұрақ қойып, жан-жақты жауап ала аласыз. Бірақ сол сезімдерді қалай өткересіз, айтылғанды өмірде қалай жүзеге асырасыз және кімге сүйене аласыз? Адамдар арасындағы байланыстың құндылығы да осында, – дейді психолог.
Технология дамыған сайын маманмен тікелей қарым-қатынастың құндылығы арта түсуі мүмкін.
Бұған дейін ата-аналардың психолог, заңгер және дәрігердің тегін көмегін қайдан ала алатыны белгілі болды.