Мемлекеттік тілдің мәселесін басқа тілдер арқылы шешпеуіміз керек – Қошанов

Бұл туралы Мәжілістің кулуарында палата спикері Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әріптесіңіз Ринат Зайытов «Қазақстанда орыс тілі әдебиетінің сағатын қысқарту керек. Неге біздің балалар тек орыс әдебиетін оқуы керек? Ол Кеңес үкіметі кезінде бәлкім маңызды болған шығар» деген еді. Қазір Қазақстандағы мектептерде орыс тілі пәнінің сағаттарын қысқару керек пе? – деп сұрады журналист Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан.

Ол Мәжілісте алуан түрлі пікір бар екенін атап өтіп, мәселеге қатысты ойын айтты.

Мәселеге бұлай қарамау керек. Мәжілісте алуан түрлі пікірі бар депутаттар жиналды. Сондықтан біз оларға тыйым сала алмаймыз. Олар өз пікірін айтады. Бізге орыс тіліне тыйым салуымыз керек пе, әлде мемлекеттік тілді дамыту керек пе? Бұған қатысты бұрын да пікірімді айтқанмын. Сол себепті біз неғұрлым көп тіл білетін болсақ, балаларымыз, ұрпағымыз, өзіміз басқа мемлекеттің тұрғындарынан бір деңгейге биік тұрамыз, - деп түсіндірді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов бірінші кезекте мемлекеттік тілге басымдық берілетінін атап өтті.

Орыс тілі де, ағылшын тілі де керек. Алайда бірінші кезекте басымдық мемлекеттік тілге беріледі. Сондықтан мектепті бітірген балаларымыз мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек. Мәселе сонда. Мұнда басқа тілдерді оқытуға кедергі жоқ. Басқа тілдерді оқытуды төмендету арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін шешпеуіміз керек. Бәрін де дамытуымыз керек. Бірақ мемлекеттік тілге басымдықты сақтау керек, - деп айтты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы