Мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан ішкі істер қызметкерлері марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз дәстүрлі брифинг барысында айтты.
Өздеріңізге белгілі, 5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні. Біздің министрлікте бұл мейрамды атап өту дәстүрге айналды. Министрдің бұйрығы бойынша мемлекеттік тілді дамытуға, насихаттауға және оның қолданысын кеңейтуге елеулі үлес қосқан ішкі істер органдарының 93 қызметкері марапатталып отыр. Сонымен бірге мереке қарсаңында дәстүрлі «Парасатты полицей» байқауын өткіздік. Биыл елдегі жағдайға байланысты қашықтық форматында өтті, - деді ол.
Нұрділдә Ораздың айтуынша, шара ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға бағытталған.
11 жылдан астам уақыт өткізіліп келе жатқан байқау тәрбиелік маңызы зор іс-шараға айналып отыр. Биылғы сайысқа облыстық, Көліктегі полиция департаменттерінен барлығы 17 команда қатысты. Әділ қазылар құрамында Білім және ғылым министрлігінің, «Егемен Қазақстан» газетінің, Ішкі істер органдары Ардагерлері кеңесінің өкілдері болды, - деді ол.