Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді міндеттеу керек – Ринат Зайытов
Еліміздегі кез келген орындаушы мен сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі керек. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қоғамдағы ең үлкен проблема тілдің айналасында. Қарапайым мысал: тұтынушы бір жерге келеді де "сен неге маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің" дейді. Міне, осыдан дау шығып, қоғам шулайды. Өйткені Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесі анықталмаған. Оны көтергіміз де келмейді. Сондықтан заңда нақты жазылуы керек. Кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті деп жазу керек. Бұл жайт менің намысыма тиеді…, – деді Зайытов.
Сауда министрі Арман Шаққалиев тұтынушылардың құқықтары жөніндегі заң жобасында қазақ тіліне қатысты функция барын айтады.
Мәселен, сіз қазақ тілінде қызмет алғыңыз келсе, сізге міндетті түрде қызмет көрсетеді. Егер олай болмаса, тұтынушы ретінде арыз жазатын құқығыңыз бар. Екінші оқылымға дейін бұл мәселені қайта қарайтын боламыз, – деп жауап берді министр.