Мемлекеттік тіл мәселесі тек меморгандардың күшімен шешілетін дүние емес – Тлепов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да «IX Азаматтық форумды өткізу туралы» өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов айтты. 

«Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының директорлар кеңесінің отырысы өтті. Қазіргі таңға дейін орталық жұмысының электронды құжат айналым мәселесі бар. Ол қаржылық және өзге себептермен толық электронды жүйеге өткен жоқ. Бірақ кешегі кеңестің нәтижесі бойынша бұл мәселе біздің бақылауымызға алынады. Есептілік мәселесіне келетін болсақ, «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының беретін гранты мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Оның жұмсалу мәселесі өте қатаң қадағаланатыны рас, - деді Тлепов. 

Вице-министр атағандай, ережеге сәйкес келмейтін не болмаса артық жасалған мәселелерді жеке қарауға болады.

 «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығынан бөлінген гранттарды жеңіп алған 96 үкіметтік емес ұйымның 10-ы ғана қазақ тілінде есеп жасап отыр. Өз тарапымыздан екі тілде жасалуын талап етеміз. Мемлекеттік тіл мәселесі тек мемлекеттік органдардың күшімен шешілетін дүние емес. Ең алдымен, азаматтық қоғам институттарының өздері де атсалысуы қажет. Бұл мәселенің шешілуіне біз мүдделіміз, - деді ол. 

Тлепов мемлекеттік бюджеттің қаражатына қатысты есеп түгел болуы керегін айтты. 

Мемлекет қаражатты бөлген үкіметтік емес ұйымдардың жеткен нәтижелері мен жұмысына өте үлкен мән береді. Көп жағдайда үкіметтік емес ұйымдардың нәтижелері біздің тарапымыздан көңілге қонбай жатады. Келесі жылдан бастап «Қазақстанның азаматтық альянсы» дайындап жатқан ұсыныстарының аясында бұл мәселеге баса назар аударамыз. Себебі әр жұмсалған теңгенің нәтижесі жоғары болуы керек, - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, брифинг барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов Азаматтық форум - билік пен қоғам арасындағы сындарлы сұхбаттың алтын көпірі екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы