Мемлекеттік тапсырыс бөлуде біраз түйткіл бар – Ғалымжан Елшібай

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ғалымжан Елшібай ұзақ жылдар бойы "Жас Алаш" газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Бүгінде республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі. Сонымен қатар, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы. Оның айтуынша, құстың қос қанаты сияқты тілші болу әрі журналистердің төрағасы болу екеуі бөле жармайтын тірлік.

Әрине журналистер төрағасы болудан гөрі жекелеген тілші болу әлдеқайда жеңілірек, жауапкершілігі біршама жеңілдеу. Жеке тілші ретінде не жазсаң да, не мәселе көтеріп, қозғасаң да, өз сөзіңе өзің ғана жауап бересің. Өзіңнің ғана тұрғыңнан ойлап, пайым-парасатың мен ақыл-ойың, біліктілігің жеткенше, ой қозғайсың. Ал Түркістан облыстық филиалының төрағасы ретінде сенің әрбір айтылған сөзіңді, әрбір қабылдаған шешіміңді, жасаған қадамыңды, осы облыс журналистерінің атынан айтылған шешім, жасалған қадам деп қабылдайды. Сондықтан төраға ретінде қабылдайтын шешімнің, айтылатын ойдың жүгі әлдеқайда ауыр. Мүмкіндігінше, сол үшін әр шешімді жеті рет өлшеп, бір рет кесуге тырысамыз. Төраға болсам да, бір өзім шешім шығарып, ой айта бермеймін. Осы одақтың төрағасы болып сайланған кезде арнайы алқа кеңесі құрылған. Алқа кеңесінің құрамында 13 адам бар. Кәсіптік мереке қарсаңында берілетін алғыс хаттар мен марапаттар алқа кеңесінің талқысына түседі. Ашық түрде қол көтеріп, дауыс береміз, әркім өзінің ой-пікірін айтады. Соның ішінен басым дауыс пен қолдауға ие болған әріптестерімізді ұсынамыз. Төраға болғаныммен, осы міндеттің жүгін жеңілдетіп жүрген алқа мүшелеріне де алғыс айтамын. Сондай-ақ, алқа мүшелерін де облыстағы журналистер қауымы өздері ұсынды. Солар таңдаған мүшелермен бірге жұмыс істеп келе жатырмыз, - деді Ғалымжан Елшібай.

ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасының сөзінше ел ынтымағы туралы сөз айту үшін алдымен журналистердің өздерінің бірлігі жарасқан болу керек. Ол әріптестер арасында алауыздықты қолдамайтынын, егер біріксе, журналистердің алмайтын асуы, бағынбайтын қамалы жоқ екенін айтып өтті.

Күннің көзін қолмен көлегейлеп жатқан сияқты керемет ынтымақпыз деп өтірік айтудың қажеті жоқ. "Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" дегендей, осы тұрғыда кейбір әріптес арасында бір-бірін кінәлау, бір-бірін айыптап мақала жазу, әлеуметтік желіде айтысу жоқ емес, бар. Бірақ, бұлар ат төбеліндей ғана адамдар. Ал былай оңтүстік журналистерінің ынтымағы мен бірлігіне сүйсінем. Әлемді дүрліктірген пандемия Қазақстанға да, оның ішінде біздің өңірге де оңай соқпай тұр. Осы індеттен бірқатар әріптесіміз ауруға шалдығып, жұмыс барысында дерт жұқтырып алды. Біз бір топ әріптестер ортадан ойласып, соларға қал-қадірімізше қаржылай көмектестік. Кеше Мақтааралда су тасқыны болған кезде сол аудандағы әкімдіктің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековтің үйі суға кетіп, басына іс түскен сәтте оңтүстік журналистері ортадан қаржы жинап берді. Ол қаржы үйінің бір кірпішін қалауға жетсе де, көмек. Одан бөлек, білім саласына қажетті деп мектепке теледидар тарту еттік. Саусақпен санарлықтай қалған соғыс ардагерлерін құттықтап шығып, сый-сыяпат ұсындық. Бұл оңтүстік журналистерінің ынтымағын, бірлігін білдіретін нақты айғақ, - дейді Ғалымжан Қамытбекұлы.

Ол түрлі себептермен журналистер жұмысын ауыстыруы мүмкін, ал Қазақстан журналистер одағының мүшесі деген куәлік бір-ақ рет берілетінін, сондай-ақ осы мүшелік билетіне қаламдастарды адал болса екен деген тілегін жеткізді.

Ел болған соң телісі де, тентегі де болады. Ол бүгін де, ертең де бола береді деп ойлаймын. Себебі, баяғы Кеңес кезіндегідей екі-үш қана газет пен бір ғана телеарна емес, қаптаған газет, телеарнадан бөлек сайттар шығып жатыр. Одан бөлек, әлеуметтік желі белсенділері бар. Кейде біреулер журналист болып кәсіп етпесе де, Журналистер одағының мүшесі болмаса да, әлеуметтік желіге бір ауыз сөз жазып, болмаса ауданға барып бір-екі сын тауып ұялы телефонына түсіріп алып, елге жариялап жатады. Сондай кезде маған Журналистер одағының төрағасы ретінде сол ауданның жауапты адамдары, таныстар, әріптестер хабарласып жатады. "Ғалеке, мынадай бір журналистер келіп, елді шулатып қоқан-лоқы көрсетуде, бірнәрсе талап етіп жатыр" деп. Төраға ол қоғамдық қызмет. Мен оларға айлық беріп отырған жоқпын. Әрқайсысының өзінің жұмысы, қызметі бар шығар. Айтпағым, бұл әркімнің журналистік кәсібіне, адалдығына, ар ожданына байланысты сақталатын нәрсе, - деді ол.

ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы журналистердің не мемлекеттік, не бюджеттік қызметкерге жатпайтынын, бұл мәселе бұған дейін де сан мәрте қозғалғанын атап өтті.

Бұл мен төраға болғанға дейін де қозғалып, айтылып жүрген нәрсе. Мен жаңадан ашып отырған жаңалық емес. Журналистер тоқалдан туған сияқты үй кезегі, жер кезегі сияқты мәселеге келгенде әлеуметтік жеңілдіктерден, әлеуметтік пакеттерден құр қалып жатады. Журналистер одағының атынан тиісті орындарға хатымызды ұсындық. Бұған дейін менің алдымда төраға болған, қазіргі таңда сенатор Айгүл Қапбароваға да осы мәселені ұсынып, көтерсең дедік. Әкімшілік органдарға да ұсындық. Бір түсінгенім, хатпен ештеңе шешілмейді. Заңды құжат керек, - деді төраға.

Сонымен қатар, Ғалымжан Елшібай бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс бөлуде біраз түйткілді мәселелер барын алға тартты. Ол көкейге қонбайтын, көңілді алаңдататын, мазалайтын біраз жайттарды, осы мәселелердің алдағы уақытта шешімін табу керектігін айтып өтті.

Түйткіл дегенде бір ғана мысал келтіре кетейін. Ол тек облыстық емес республикалық деңгейде де бар нәрсе. Мысалы, ақпараттық порталдарға мемлекеттік тапсырыс бөлгенде, қаралымы жағын ескереді. Яғни, осынша мыңнан қаралымы кем болмау керек дейді, сонда ғана сіз мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізе аласыз. Мысалы, телеарналарды шоу, рейтинг қуалап кетті дегені сияқты ақпараттық порталдар да қаралымын көбейту үшін "жездесі мен балдызы төсектес болды", "енесін өлтірген күйеу бала", атыс-шабыс, өсек пен төсектің төңірегінде ақпараттар таратып, мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізеді. Ал ұлттың мүддесін, құндылықты ұлықтайтын, елдің жанайқайын жеткізетін материалдар аз қаралады. "Баян Есентаева екінші рет байға шықты" деген ақпарат берсеңіз, оның қаралымы 10 мың болуы мүмкін, ал "Тіл тәуелсіздіктің тірегі бола ала ма?" деген мақала немесе бейнесюжеттің қаралымы 100 немесе 1000 шектелуі мүмкін. Менің Баян Есентаеваның жеке басында шатағым жоқ, ол жеке өмірі, өзі біледі. Мен тек шартты түрде мысалға алып отырмын. Мемлекет қарап тұрсаңыз, елдің ынтымағын, қоғамға жат, теріс нәрселерді тоқтатқысы келіп бір қолымен жұмыс істеп жатқан сияқты, ал бір жағынан осылай рейтинг қуалап, қоғамға кеңінен таратып отырғандарға екінші қолымен қаржы беріп отыр. Айтпағым, рейтинг қумай шын мәніндегі халықтың жағында болатын, ертеңгі ұрпақ үшін жасалып отырған еңбектерге мемлекет тұрғысынан тапсырыс берілсе, таразыға түссе деген ниет пен тілек біздікі, - деді Елшібай.

Ол сөз арасында қазіргі әлеуметтік желінің де дәурені өтетінін, оған ғұмыры қысқа болған сары басылымдарды мысалға келтірді. Мәселен, бір кездері оңтүстікте "Қызық газет", "Түнгі сыр", "Дүние дүрмек" сынды т.б. газеттер қаптап шығып, жұрттың көбі соны таласа-тармаса оқыды. Сол кезде ақпарат министрі болған марқұм Алтынбек Сәрсенбаевқа журналистер "неге тоқтау салмайсыз" деген кезде, министр "Олар өзінен өзі тоқтап, жабылып қалады. Уақытты күту керек" деген екен.

Бастапқыда мен де қалай ол тоқтап қалады деп сенбегенмін. Қазір қарап тұрсақ, сол газеттердің уақыт өткен соң көбі жабылып қалды. Шығып жатса да, мыңдаған тираж емес некен-саяқ. Сол сияқты қазіргі әлеуметтік желінің ықпалы барын, ақпаратты жедел, тез жеткізетінін жоққа шығаруға болмайды. Оған таласа да алмайсың, келісе де алмайсың. Сіз бір ақпаратты келіп жазып дайындап берем дегенше, кемі бір-екі сағат уақытыңыз кетеді. Ал олар екі минуттың ішінде телефон арқылы жұртқа жариялап отырады. Сол тұрғыдан тіпті әкімдердің, шенеуніктердің өзі қасына журналист еріткеннен гөрі блогер ертіп жүретін ауруға ұшырай бастады. Себебі, сіздің теледидардан, газеттен, сайттан оқимын дегенше әлеуметтік желіге әкімнің барған жерін, кіріп шыққанын, не істегенін талқылап тастайды. Менің жазған мақаламды оқып бітем дегенше, ол тақырып күн тәртібіндегі маңыздылығын, құндылығын, уақытын жоғалтып жатады. Дегенмен, бұған осылай екен деп қарап отырмай уақытқа қарай қимылдауға, жан жақты болуға ұмтылуымыз керек шығар. Қолымыздағы нанымызды біреуге беріп қарап отырмай, әрқайсысымыз күресуіміз керек шығар. АҚШ, Жапонияда да газет шығып жатыр, телеарналар көрсетіліп жатыр. Тоқтап қалса, соларда да тоқтайтын еді. Себебі, Қазақстан да әлемінің бір бөлшегі, - деді ол.

Түркістан журналистер одағының төрағасы түптеп келгенде нақты, шынайы, ресми деректі блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері емес, журналистердің беретінін, халықтың да ақ-қараны ажырата білетін кезеңге жететініне сенімді.

Байқасаңыз, блогерлердің көбінің өтірігі шығып жатады, жалған болады. Мысалы, осы Шымкент қаласының әкімі ауысқан кезде де біреулері Асқар Бейсенбаевты құттықтап жатса, жартысы Ерлан Айтахановты құттықтап жатты. Бір-бірінікін көріп жатқан жоқ, әйтеуір жаңылысқан, сапырылысқан жұрт. Сол кезде біраз адамдар "Ғалеке, газеттеріңіз қашан шығады, телеарнаның жаңалығы қашан шығатын еді" деп ресми дерек көзін күтіп отырды. Мен телеарнаны немесе газетті мақтап отырғаным жоқ. Өйткені, ел "бір анығын айтса, осы телеарна көрсетеді, не газет жазады ғой" деп күтеді. Біз де халықты "Ой, әлеуметтік желіде әрнәрсені жаза береді. Ресми ақпаратты күтейік" дейтіндей жағдайға жеткізу үшін сіз бен біз де тер төгуіміз керек шығар. Уақыт кімнің кім екенін өзі екшеп береді деп ойлаймын, - деді Ғалымжан Елшібай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы