Мемлекеттік стипендия иегерлерінің 60 пайызы аға буын өкілдері – Мемлекеттік хатшы

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. 2018 жылғы ҚР тұңғыш президенті Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегерлерінің 60% аға буын өкілдері. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Алматыда өнер адамдарымен кездесу кезінде айтты.


Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік хатшы өнер майталмандарын құттықтай келе 2018 жылы мемлекеттік стипендия иегері атанғандардың сандық көрсеткішіне тоқталып өтті.

«Биылғы стипендия иегері атанғандардың 14,6 пайызы 20-35 жас аралығындағы жастар, 35-55 жас аралығындағы орта буын 15,3%, кемеліне келген толқын 55-74 аралығындағылар 18,6%, аға буын өкілдері, яғни 75-тен асқандар 61% құрап отыр», - деді ол. 

Сонымен қатар ол, өткен жыл еліміз үшін ерекше кезең болғанын, Тәуелсіз Қазақстанның символы және жарқын жетістігі Астананың 20-жылдығы атап өтілгендігін ерекше айтып өтті.

«Бас қаламыздың мерейтойы аясында барлық өңірлерде 5300-ден аса мәдени, спорттық, қайырымдылық іс-шаралары өткізілді. Бұл әр облыста 400-ден аса шара өткенін білдіреді», - деді Г. Әбдіхалықова.

Ол сондай-ақ, қазіргі таңда елде жасалып жатқан «Рухани жаңғыру» жобасы мәдениет пен өнер саласының дамуына, түрленуіне мүмкіндік беретін маңызды іске айналғанын айтып өтті.

«Бұл ретте былтыр көптеген ауқымды істер атқарылды. Атап айтсақ, Елбасының жарлығымен латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиі бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Туған жер жобасы аясында өңірлерде демеушілер есебінен 300-ден астам әлеуметтік нысандар салынды. 200-жуық әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысан қайта жөндеуден өтті. Сонымен қатар, бұл жоба «Өлкетану» жұмысын да кең қамтиды. Бағдарламаның басым бағыттарының бірі «Жаһандану заманындағы Қазақстанның мәдениет жобасы». Бұған әдебиет, театр, кино, дәстүрлі және классикалық музыка, бейнелеу өнері сынды төрт бағыт шеңберінде жұмыстар атқарылуда», - деді Мемлекеттік хатшы.
Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы