Мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіне қарапайым азаматтар қатысуы тиіс
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен "Мемлекеттік басқаруға азаматтардың қатысуы" дискусиялық алаңы өтті.
Қоғамдық және ғылыми-зерттеу құрылымдарының сарапшылары бас қосқан диалог алаңында азаматтардың, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіне қатысу белсенділігін арттыру бойынша ұсыныстар талқыланды.
Дискуссияның модераторы – "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының ассоциациясы" Заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрайымы Айгүл Сағадибекқызы Соловьева алғы сөзбен отырысты бастады.
"Біз азаматтық қоғам ретінде нақты қандай жолмен және қайтіп мемлекетті басқара алатынымызды талқылауға тиіспіз. Бос сөзге жол жоқ. Бұл диалог алаңының нәтижесінде маңызды ұсынымдарды әзірлеп, сонымен жұмыс істеуге тиіспіз. Сөзсіз, ең басты механизм – бұл жергілікті өзін-өзі басқару. Шын мәнінде мемлекетті басқару ісіне қоғам белсенді атсалысу үшін ол қай бағытқа ұмтылу керек. Әйтеуір бір күні іске асар деп емес, бүгін және қазір жүзеге асатын елге пайдасы тиер іспен айналысайық", - деп айтып өтті Айгүл Соловьева.
Азаматтық қоғамның өмірдегі рөлінің 4 өлшемшарты бар дейді мамандар.
"Егер жекелеген мемлекеттер адам құқығын қорғамаса, онда ол халықаралық қауымдастықтың араласуына алып келеді. Азаматтық қоғамның өмірдегі рөлінің 4 өлшемшарты бар. Қатысу. Абыроймен іске асыру. Кемсітпеушілік. Ашықтық және есеп беруге міндеттілік. Бұл өзара байланыстың классикалық төрт кезеңі. Біздің елдегі мемлекет пен азаматтар арасындағы басты мәселе – ақпараттық теңсіздіктің болуы. Сондай-қ, кейбір әкімдер халық алдындағы жауапкершілігін сезінбей, "мені сіздер сайлаған жоқсыздар, мен тағайындалдым" деген ниетпен жұмыс істейді. Мұның өзі дұрыс емес. Баса айтқым келетіні, әлі күнге дейін Қазақстанда азаматтық қоғам деген сөздің заңдық бекітілген түсініктемесі жоқ. Әркім ойына келгенінше бұрмалап пайдаланады", - деді "Eurasian Expert Council" қоғамдық қорының президенті Шыңғыс Лепсібаев.
Ол өз баяндамасында адам құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық құқықтардың призмасы арқылы азаматтық қоғамның қарым-қатынасын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Қазақстанның Азаматтық Альянсының вице-президенті Гамал Түзелбаев бюджеттік процестің тиімділігін қамтамасыз етуде қоғамдық кеңестердің потенциалы туралы пайымды сөз қозғады.