Мемлекеттік сатып алудағы әр екінші теңге шетелге кетіп жатыр – депутат

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров мемлекеттік қолдау мен сатып алу жүйесінің тиімсіздігіне назар аударып, бюджеттің елеулі бөлігі нақты нәтиже бермей игеріліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлікті қолдау жүйесі қағаз жүзінде бар болғанымен, іс жүзінде ол нәтиже емес, бюджет игеруге бағытталған механизмге айналған.

Кәсіпкерлікті қолдау жүйесі жұмыс істеп тұрғандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде ол нақты нәтиже емес, қаражатты игеру жүйесіне айналып кеткен, – деді ол.

Бұл тұжырымды Жоғары аудиторлық палата жариялаған мәліметтер де растайды.

Айдарбек Қожаназаров «Атамекен» ҰКП монополиясында қалған оқыту, акселерация және консалтинг жобаларына миллиардтаған теңге бөлінгенін атап өтті. Соңғы 10 жылда кемінде бес цифрлық жоба – Digital Atameken, Бір терезе, Бизнеске арналған үкімет іске қосылғанымен, бүгін нақты жұмыс істеп тұрған бірыңғай жүйе жоқ.

Депутаттың дерегінше, қазір бизнесті қолдаудың 117 түрлі тетігі бар. Алайда оларды біріктіретін ортақ цифрлық платформа жоқ. Әр министрлік өз дерекқорын жасап, бір ақпаратты қайта-қайта толтыруға миллиондаған теңге жұмсайды. Соның салдарынан кәсіпкердің өзі қандай қолдау ала алатынын түсінбей қалады.

Осыған байланысты «Respublica» фракциясы Сингапурдағы GoBusiness моделіне ұқсас qBusiness платформасын құруды ұсынып отыр. Бұл жүйе кәсіпкерге қандай қолдау барын және оған қол жеткізу мүмкіндігін автоматты түрде есептеп көрсетуі тиіс.

Субсидия алған бизнес мемлекетке салық арқылы салынған әрбір 1 теңгеге небәрі 3 теңге ғана қайтарады. Бұл, депутаттың айтуынша, қолдау бар, бірақ экономикалық нәтиже жоқ дегенді білдіреді.

Осыған байланысты:
• бірнеше оператордың бәсекелестік ортада жұмыс істеуі;
• субсидияны тек өсім көрсеткен жобаларға беру;
• айналым қаражатын емес, нақты инвестицияны қолдау ұсынылды.

Айдарбек Қожаназаровтың мәлімдеуінше, 2024 жылы 29 трлн теңгеге тауар, жұмыс және қызмет сатып алынған. Алайда соның тек жартысы ғана ішкі нарықта қалған.

Ұлттық компаниялар импортты арттырып жатыр. Бұл – мемлекет ақшасы өзге елдердің экономикасын қолдап жатыр деген сөз, – деді депутат.

Ұлттық жоспарларда көрсетілгенімен, креативті индустрия мен медициналық туризмді қолдауға бөлінген нақты қаржы көлемі небәрі 0,3–1% деңгейінде. Ал ауылдағы кәсіпкерлер жерді конкурс арқылы алғанымен, нарықтық бағамен сатып алмайынша несиеге қол жеткізе алмай отыр. Бұл жаңа жобалардың дамуына кедергі келтіреді.

Сонымен қатар депутат Батыс Қазақстан облысында монополист компаниялардың жеке кәсіпкерлерге қысым көрсетіп отырғанын да сынға алды.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, мемлекеттік қолдау жүйесі есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі тиіс.

Біз үшін ең басты өлшем – цифр емес, кәсіпкердің шынайы жағдайы. Халық бізден есеп емес, нақты шешім күтеді. Сондықтан тек бақылау емес, жүйелі өзгеріс жасайтын уақыт келді, – деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы