Мемлекеттік сатып алу: Құқық бұзғандар айыппұл арқалайды
Тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды орындаушының әкімшілік жауапкершілігі артады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев жалпы отырыста заң жобасының новеллаларын таныстырды.
Жеткізушілер жалған ақпарат ұсынған жағдайда оларды мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары деп тану туралы талапты сотқа бермегені немесе уақтылы бермегені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте сатып алуды ұйымдастырушыға жауапкершілік қарастырылады, - деді депутат.
Мұндай құқықбұзушылыққа – 30 АЕК, қайталанған жағдайда – 60 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар жеткізушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етпей шарт жасасудан жалтарғаны туралы мәліметтерді уәкілетті органға ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін тапсырыс берушінің лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту негіздері толықтырылды. Жаза – 30 АЕК, қайталаған жағдайда – 60 АЕК көлемінде айыппұл салу.