Мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптары сақталады ма

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі қоғамның өзекті проблемаларының бірі мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көріністері тоқтаусыз орын алып жатқандығында болып отыр. Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мән беріп, саланы егжей-тегжейлі талдау қажеттігін тапсырған.

Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтып берді. Оның сөзінше, аталған бағыттағы жұмыстар тек бюджет қаражатын үнемдеуге ғана емес, шағын және орта бизнесті дамытуға, көлеңкелі экономикамен күрес сияқты стратегиялық міндеттерді де іске асыруға, ең бастысы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күрестің жаңа форматы қолданылуда. Ол "Біріңғай сатып алу терезесі" веб-порталын зерделеп, орын алуы мүмкін сыбайластық тәуекелдерін мемлекеттік сатып алуды жоспарлау сатысында анықтап, оны жоюға жол ашады. Жылдар бойғы статистикаға көз жүгіртсек, мемлекеттік сатып алу кезіндегі ең жиі орын алатыны – жүйелі түрде бағаны негізсіз жоғары қою деректері екенін аңғарамыз. Құзырлы мекеме осыған орай қазына қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды, - деген Равиль Қуанышбайұлы биылғы бірінші тоқсанда мемлекеттік сатып алуды жоспарлау сатысында бағаны тым жоғары қою деректері анықталғанын айтты. Оларға бағаны төмендету бойынша ұсыныстар енгізіліп, нәтижесінде 52 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделген.

Департамент өкілінің сөзіне қарағанда, Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімі 100 комплект білім беруге арналған мультимедиалық қондырғы алуға 45 миллионға жуық қаражат жоспарланған. Ал жүргізілген мониторинг жұмыстарынан соң, бұл қондырғыларды неғұрлым төмен бағаға алуға болатындығы дәлелденіпті. Сондықтан мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, аталған тауар бағасы 15 миллион теңгеге шегерілген.

Дәл осындай жағдай Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімінде де орын алды. Айталық, 100 компьютер жиынтығын алуға 26 миллион теңгеден аса қаражат жоспарланса, мониторинг қорытындысы бойынша ол сома қайта қаралып, 8 миллионнан астам қаржы үнемделді. Жамбыл облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінде де қажетті материалдық құралдарды алуға жоспарланған қаражат 1 миллион теңгеге азайтылды. Сол сияқты, жергілікті әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік сатып алуға жоспарлаған 300 миллион теңгеден астам қаражаты жүргізілген мониторинг нәтижесімен 10 миллионға қысқарды, - деді Р.Төлебаев.

Жауапты маманның айтуынша, мемлекеттік сатып алуда заң талаптарын сақтамау деректері де көп орын алуда. Мәселен Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен алынған мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері 14 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 277 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекеттік орган басшыларына, қызметкерлеріне айыппұл салынған.

Мойынқұм ауданының сәулет және қала құрыслы бөлімінің бұрынғы басшысы Жүнісбековке Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 207-бабының 11-тармағы – мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамада көзделмеген жағдаймен мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырғаны үшін 4 хаттамамен 1 миллон теңгеден астам айыппұл салынды. Жуалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сейітбеков те заң талаптарын сақтамағаны үшін 500 мың теңгеден астам қаржыны құрайтын 4 хаттамамен айыппұл төледі, - деді департамент өкілі.

Сол сияқты, Шу ауданының Төлеби ауылдық округінің әкімі Даберов те мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелерді орындамағаны үшін 715 мың теңгеден аса айыппұл арқалаған. Жамбыл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Тілеубаевқа 4 хаттамамен 159 мың теңге айыппұл слынған.

Мемлекеттік қызметшілердің жалақылары барімізге белгілі. Міне, үш айдың ішінде 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі айыппұлды бөлім басшылары қалай төлей алады? Бұдан да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауы әбден мүмкін. Егер ауылдық округ әкімі, бөлім басшысы бірінші тоқсанда бір емес, бірнеше рет мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын сақтамай, айыппұлға ілінген болса, ол қызметшінің жауапкершілігін қарау қажет деп есептеймін, - деді Р.Төлебаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы