Мемлекеттік сараптама 38 мұнай-газ жобасын әзірлеуді мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көмірсутектер кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия бірінші жартыжылдықта 38 жобаны мақұлдады деп хабарлайды ЭМ баспасөз қызметі.

Энергетика министрлігі жанындағы Көмірсутектер кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия мұнай-газ кен орындарын барлауға және/немесе өндіруге лицензия алғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын кен орындарының жобалау құжаттарын келіседі. Оларға барлау жұмыстарының жобалары, сынамалы пайдалану жобалары және көмірсутегі кен орындарын әзірлеу жобалары жатады. 

2021 жылдың 1 жартыжылдығында орталық комиссияның 5 отырысы өтті, онда 51 жобалау құжаты қаралды. Оның ішінде 38 жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, - деді Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама бірқатар елеулі өзгеріске ұшырағанын еске салып өтті. Олар тәуелсіз сараптама жүргізу тәртібіне қатысты, жер қойнауын пайдаланушылардың жобалау құжаттарын келісетін комиссия мүшелерінің саны артты.

Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушы мен тәуелсіз сарапшы (бұрын БӘОК өтінім беретін жер қойнауын пайдаланушы тартқан) арасындағы байланысты болдырмау үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуелсіз сараптама жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі функция Тәуелсіз сараптама операторы атынан «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ға жүктелді (акциялардың 100%-ы мемлекет атынан Энергетика министрлігіне тиесілі). Бұдан басқа, тәуелсіз сараптама жүргізу кезінде сарапшылар саны бірден үшке дейін ұлғайтылды.

Қосымша нормативтік құқықтық актілер қабылданды:

1. Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеуді талдауларға тәуелсіз сараптаманы ұйымдастыруға және жүргізуге арналған тәуелсіз сараптама операторының шығындарын айқындау қағидалары;

2. Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды біліктілігі жағынан іріктеу жөніндегі талаптар

Көрсетілген бұйрықпен алғаш рет тәуелсіз сарапшыларды іріктеу бойынша талаптар қойылды.

Комиссия құрамы 22-ден 33 адамға дейін ұлғайды, оған «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, Заңды тұлғалар бірлестіктерінің өкілдері және көмірсутек саласындағы сарапшылар кірді.

2020 жылы Орталық комиссияның 9 отырысы өтті, оның шеңберінде 107 жобалау құжаты қаралды. Оның ішінде 88 жоба жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алса, 19 жоба теріс қорытынды алды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы