Бүгiн 2026, 12:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мемлекеттік қызметте істейтін жүкті әйелдерге жеңілдік жасалады

Пилоттық жоба 2 жылға жоспарланған.

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс уақытының жаңа тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа редакцияға сәйкес, күнделікті жұмыс уақыты 8 сағаттан аспайды, ал апталық жүктеме 40 сағат шегінде белгіленеді.

І және ІІ топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілер үшін қысқартылған жұмыс уақыты – аптасына 36 сағатқа дейін қарастырылған.

Сонымен қатар, жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне және науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметшілерге толық емес жұмыс күні белгіленеді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметте көлденең мансаптық ілгерілеу тетігі енгізіледі. «Б» корпусы шеңберінде лауазымдық деңгейлер айқындалып, әр деңгейге сәйкес жалақы белгіленеді.

Пилоттық жоба 2 жылға жоспарланған. Ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінде, сондай-ақ Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске асырылады.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте мемлекеттік қызметі туралы заң бірінші оқылымда қаралды.

Айта кетейік, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай "мемлекеттік қызметші қазақ тілін білуге міндетті" деп мәлімдеген еді.