Мемлекеттік қызметшілер ашықтық пен адалдықты басты ұстаным етуге тиіс
Бүгінде Ақтөбе облысында 3925 мемлекеттік қызметші бар. Олардың штаттың жасақталуы — 96,2%. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 56 пайыз болса, осы салада еңбек етіп жүргендердің орташа жасы – 39,4 жас. Орташа мемлекеттік қызмет өтілі – 12,4 жыл. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке орналасу тәртібінде бірқатар өзгешелік бар. Сондай-ақ соңғы жылдары облыста жастарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың кәсіби деңгейін жоғарылату бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Осы және басқа да мәселелер төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Талант Медетпен тілдескен едік...
— Талант Бақбергенұлы, бұрынғыдай емес, қазір мемлекеттік қызметте еңбек еткісі келетін жастардың саны жыл сайын артып келеді. Агенттік тарапынан бұл бағытта жақсы бастамалар да қолға алынып жатыр. Жалпы осы салаға келу үшін мамандарға қандай талап қойылады? Қазір қандай өзгешеліктер болып жатыр?
— Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі, мамандардың жан-жақтылығы аса маңызды екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүк те, сенім де қазір күшейіп келеді.
Соңғы жылдары біздің өңірімізде де осы саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, облыста бүгінде 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың барлығы — білімді, білікті, талапқа сай мамандар. Ал осы салаға жұмысқа орналасу тәртібіне келер болсақ, мемлекеттік лауазымға біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері мен денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген азаматтар қабылданады. Бүгінде мемлекеттік лауазымға орналасу мынадай үш кезеңнен тұрады. Оның біріншісі — мемлекеттік заңнамаларға арналған тестілеуден өту. Екінші кезең — жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өту. Бұл кезеңде болашақ қызметшінің жауабындағы ашықтылық пен шындық деректерінің деңгейі 50 пайыздан кем болмауға тиіс. Және соңғысы — әңгімелесу.
Мемлекеттік қызметке орналасу үшін алдымен тестілеуден өтуге EGOV порталында жеке электрондық кілт арқылы тіркеу жүргізіледі. Тестілеу күніне екі рет: түске дейін және түстен кейінгі уақыттарда Ақтөбе қаласы, Тургенев көшесі 86 үй мекенжайында өткізіледі. Осы жерде заңнаманы білуге арналған тестілеуден сәтті өткен маман жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге қатысады. Тестілеулерден сәтті өткен жағдайда қатысушыға бір жылдық жарамдылық мерзімі бар сертификат беріледі. Ал егер тестілеулерден шекті мәнді жинай алмай қалса, онда 15 күннен кейін үміткерге қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылады.
Енді бос орындарға келсек, қазіргі таңда еліміздегі, оның ішінде өңірлердегі барлық мемлекеттік органдарда бар бос орындар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында (www.gov.kz) орналастырылады. Егер үміткер тестілеуден сәтті өткен жағдайда осы сайтқа кіру арқылы өзіне қажетті бос лауазымдармен танысып, мемлекеттік органдарға құжаттарын жолдай алады. Бүгінде мемлекеттік қызметке кіру үшін кандидаттарға электронды түрде құжаттарын тапсырып, әңгімелесуге онлайн түрде қатысуына мүмкіндік беріледі. Мәселен, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу бойынша 561 конкурс өткізілген болатын. Оларға жалпы саны 800 кандидат қатысты. Нәтижесінде 318 адам жеңімпаз атанып, қызметке орналасты. Бұдан бөлек биыл облыстағы жергілікті атқарушы органдарда қызмет етіп жүрген 30 қызметші меритократия қағидаты негізінде жоғары лауазымға тағайындалды. Олардың қатарында жастардың үлесі мол.
Мемлекеттік қызметте, негізінен, азаматтардың білімі мен біліктілігі өте маңызды рөлге ие. Себебі жан-жақты, білімді, жауапкершілігі мол қызметші өз жұмысын тиянақты жасап қана қоймай, тұрғындар тарапынан болған сыни көзқарастарға, ұсыныс-талаптарға сауатты әрі нақты жауап бере алады. Алдымен қызметшілер заңды жақсы білуі керек. Мәселен, қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 88,3 пайызы — жоғары білімді азаматтар. Ал олардың ішінде 18,6 пайызының немесе 647-сінің екі жоғары білімі бар болса, 73-і немесе 2,1 пайызы шетелден оқу орнын аяқтаған. Мысалы, облыстағы мемлекеттік органдарда қазір Мемлекеттік басқару академиясының 19 түлегі және «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі абыройлы қызмет етіп жүр.
— Соңғы кезде мемлекеттік қызметте жастар резервін жасақтау кеңінен танылып келеді. Облыста осы бағытта қандай жобалар қолға алынып жатыр?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында құрылған Президенттік жастар кадрлық резерві бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіне бастамашыл және жоғары білімді мамандарды тартуға мүмкіндік беріп отыр. Олардың қатарында жан-жақты жастарымыз көп. Олай дейтініміз, осы жоба қолға алынған кезеңнен бері, дәлірек айтсақ, 2019 жылдан бері облыста 13 жас қызметші Президенттік жастар кадрлық резервінің қатарына алынды. Бүгінде олардың ішінде 12 маман өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі лауазымдарға тағайындалды. Мысалы, олардың ішінде бүгінде екеуі облыс әкімінің орынбасары болып отырса, бір үміткер облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына, бір үміткер басқарма басшысы лауазымына, 4 үміткер басқарма басшысының орынбасары лауазымына, 2 адам квазимемлекеттік секторға, 2 үміткер орталық атқарушы органдарға тағайындалды.
Қазіргі таңда департамент облыс бойынша резервке іріктелген азаматтардың одан әрі мансап жолында шыңдалып, дамуына тұрақты негізде мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады.
Сонымен қатар, бүгінде Ақтөбе облысында білімді, дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында ашылған «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс істейді. Бұл оқу орнының басты мақсаты — жан-жақты, дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту, заман талабына сай тәжірибелік дағдыларды студенттердің бойына сіңіру. Осы кезеңдер ішінде облыста бұл мектепті 111 студент бітірсе, қазір олардың көбі мемлекеттік қызмет саласында абыройлы жұмыс жасап жатыр. Мысалы, олардың бірқатары облыстық дін істері басқармасында, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында, білім басқармасында, дене шынықтыру және спорт басқармасында, индустриялдық-инновациялық даму басқармасында, статистика департаментінде, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте, кәсіпкерлік басқармасында, сондай-ақ сот саласында елеулі еңбек етіп жүр.
«Мансап» мектебі жастарды тек кәсіби жағынан ғана шыңдап қоймай, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын ұстанып, елге адал қызмет етуге үйретеді. Бұл тұрғыда мектеп түлектері бәсекеге қабілеттілігімен айрықша көзге түседі. Болашақта мемлекеттік қызметшілердің бір бөлігі осы мектептен шығатынына сеніміміз мол. Сондықтан осы салаға қызығушылығы бар, елге қалтқысыз қызмет етуге дайын жастарды осы мектепке келіп, өз білімдерін шыңдауға шақырамыз.
Мұнымен қатар, бүгінде еліміздегі жастардың ауылдық жерлерде мемлекеттік органдарда еңбек етуі үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да қабылданған болатын. 2020 жылдың қазан айынан бастап ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуметтiк қолдау шараларын ұсынуға бағытталған бұл бағдарлама бүгінде кеңінен танымал. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы қазір елімізде ондаған жас өз қалауларымен ауыл-аймақтарға барып еңбек етіп жүр. Бұл тәжірибе біздің өңірде де дамып келеді. Бұл жастарды осы бағдарламаға тарту, оларды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау деуге болады. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында дәл осындай қолдауға ие болған 16 мемлекеттік қызметші бар. Олар бүгінде Ойыл, Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк, Ырғыз, Темір, Қарғалы аудандарындағы ауылдық округтерде абыройлы еңбек етіп келеді.
— Қай салада да жаңашылдықтар болып отырады. Мемлекеттік қызмет саласында қандай өзгерістер бар?
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген тұжырымдаманы үнемі айтып отырады. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметте бюрократияға жол берілмеуі керек, қызметшілер алдымен ашықтық пен адалдықты басты ұстаным етуге тиіс. Сонда ғана жұмыс алға жүреді, халықтың бұл салаға, жалпы билікке деген сенімі нығаяды. Осы тұста мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидатын ілгерілету де өте маңызды болмақ. Бұл кадрлардың өз қызметін жоғары деңдейде, жауапкершілікпен атқаруына үлкен серпін береді. Кез келген азамат өз жұмысына тиянақты қараса, еш жерде заңсыздық немесе олқылық болмайды. Мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, оны оңтайландыру тұрғысында алдағы уақытта елімізде тағы да өзгерістер болуы мүмкін. Осы мәселелерге қатысты бірқатар заң жобалары дайындалып, қарастырылып жатыр. Жаңа жобаларға қатысты өңірлерде де өзгерістер болса, біз алдағы уақытта ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаймыз.
Бізге жүктелген міндет — халықтың сенімін ақтап, Отанға қалтқысыз қызмет ету. Сонда ғана еліміз дамыған елдердің қатарына енеді, жастарымыз бәсекеге қабілетті болады. Қазіргі мемлекеттік қызметшілер соны түсініп, өз ісіне барынша жауапкершілікпен қараулары керек. Егер мақсатқа жетуді бүгіннен бастасақ, ел ертеңі жарқын болмақ!
Әңгімеңізге рақмет!