Мемлекеттік қызметкерлерге жасанды интеллект оқытылады

Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алды алынатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президентіміз мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трансформация экономика мен қоғамдық өмірдегі жаһандық өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Цифрлық технологиялар бізде қазірдің өзінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық секторы мен бизнес-ортада белсенді қолданылып келеді. Озық елдердің барлығы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға жаппай инвестиция салып, өз стратегияларын жасауда, - деді Олжас Абайұлы.

Бектенов бұл ЖИ жобалар тек алғашқы қадамдар екенін айтады.

Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасатын болады, - деді Үкімет басшысы.

Сөз соңында Бектенов бірқатар министрлікке тапсырма берді.

Бірінші – Цифрлық даму министрлігіне өңір әкімдерімен бірге келесі жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындасын.

Екіншіден. Бүгінде азаматтардың көпшілігі жасанды интеллект туралы біле бермейді. Цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек. Цифрлық даму министрлігіне салалық министрліктермен бірге қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіруді тапсырамын. Оларды қалай пайдалану керектігі туралы халыққа кеңінен түсіндіру қажет.

Үшіншіден. Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қоры қолжетімді болуға тиіс. Бұл үшін бірыңғай тәсілдер қажет. 

Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеуді тапсырамын. Ақпараттар дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуға тиіс.

Төртіншіден. Қазір елімізде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізіп, іске асырып жатқан өндіріс орындары бар. 
Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге осындай кәсіпорындарды қолдаудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырамын.

Бесіншіден. Жасанды интеллектіні қолданудың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Ол үшін тиісті заңнамалық шаралар мен нормативтік құқықтық актілерді қабылдау керек. Заң аясында дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану арқылы қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік мәселесі және этикалық нормалар қамтылуға тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы