Мемлекеттік қызмет қалай өзгеріп жатыр? Жаңа заң, цифрландыру және кадр резервінің мүмкіндіктері
Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесі жаңарып келеді. Кадр резерві кеңейіп, іріктеу процестері цифрландырылып, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң күшіне енді.
Қазақстанда 23 маусым 2013 жылдан бері Мемлекеттік қызметші күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн мемлекет пен қоғам мүддесіне қызмет етіп жүрген азаматтардың кәсіби мерекесі саналады.
23 маусымның таңдалуы да кездейсоқ емес. 2002 жылдан бастап осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні аталып келеді.
Мемлекеттік қызмет мемлекеттік саясатты іске асыруда және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілер кәсібиліктің, жауапкершіліктің, адалдық пен өз ісіне берілгендіктің үлгісі болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Реформалардың нәтижелілігі, мемлекеттік институттарға деген сенім және азаматтардың өмір сапасы көбіне мемлекеттік аппарат жұмысына байланысты. Сондықтан Мемлекеттік қызметші күні – осы сала өкілдерінің еңбегін бағалап, олардың ел дамуына қосқан үлесін мойындаудың белгісі.
Президенттік жастар кадр резерві: жаңа буын басқарушыларын даярлау
Президенттік жастар кадр резерві тәуелсіз Қазақстандағы табысты кадрлық жобалардың біріне айналды.
2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған бағдарлама талантты, белсенді және бәсекеге қабілетті жастарды анықтауға бағытталған. Осы уақыт ішінде резерв құрамына енген жүздеген жас маман мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жауапты қызметтерге тағайындалды.
Жоба жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт қалыптастырып, стратегиялық ойлайтын және заманауи құзыреттерді меңгерген басқарушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкіндік беріп отыр.
Резерв мүшелері үшін арнайы оқыту бағдарламалары мен тренингтер ұйымдастырылады. Олар басқару, коммуникация және цифрлық технологиялар бағытында білімдерін жетілдіреді.
Президенттік жастар кадр резерві аясында бүгінге дейін төрт іріктеу кезеңі өтті. Соның нәтижесінде резерв құрамына 450 жас маман қабылданды. Оның ішінде 2019 жылы – 300 адам, 2021 жылы – 50 адам, 2023 жылы – 50 адам және 2025 жылы тағы 50 адам резервке енгізілді.
Қазіргі уақытта олардың 77,1 пайызы мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет атқарып келеді.
Өңірлік кадр резерві: жергілікті басқаруды күшейтудің тетігі
Мемлекеттік қызмет жүйесінде өңірлік басқарудың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Өйткені негізгі реформалар жергілікті деңгейде жүзеге асады және тұрғындармен күнделікті жұмыс та осы деңгейде жүргізіледі.
Осы мақсатта өңірлік кадр резерві жобасы іске асырылып келеді. Оның басты мақсаты – өңірлік ерекшеліктерді жақсы білетін, басқарушылық әлеуеті жоғары мамандарды анықтап, басшылық қызметтерге даярлау.
Іріктеу ашық әрі кезең-кезеңімен жүргізіледі. Үміткерлердің кәсіби біліктілігі, басқарушылық қабілеті мен тәжірибесі бағаланады.
2024 жылы өңірлік жастар кадр резервіне алғаш рет республика көлемінде іріктеу өткізілді. Нәтижесінде резерв құрамына 546 жас маман енгізілді.
Сонымен қатар мемлекеттік грантпен білім алған және GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектерге аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілді. Бүгінде осы тетік арқылы ел бойынша 860 жас түлек мемлекеттік қызметке қабылданды.
Мемлекеттік қызметті цифрландыру қарқыны артып келеді
Қазақстанда цифрлық мемлекет қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматта көрсетіледі. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту салаларында цифрлық шешімдер кеңінен қолданылады.
Мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі цифрлық құралдардың бірі – «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесі. Бұл платформа кадрларды іріктеу, бағалау, ауыстыру және мансаптық өсуді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы мемлекеттік қызметке қабылдаудың цифрлық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Ал 2025 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметке іріктеу толықтай осы жүйе арқылы жүргізіледі.
Цифрландыру бүгінде ашық әрі азаматтарға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр.
Кәсіби мемлекеттік аппарат – реформалардың негізі
Қазақстан кәсіби, тиімді және азаматтарға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытын жалғастырып келеді. Бұл жұмыс Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформалардың маңызды бөлігі саналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың нәтижесі мемлекеттік басқару сапасы мен мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне тікелей байланысты екенін бірнеше рет айтты.
Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – «Тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасы. Ол мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруды, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел жауап беруді және шешім қабылдау кезінде халықтың сұранысын ескеруді көздейді.
Мемлекеттік қызмет жүйесі меритократия, ашық конкурстық іріктеу, есептілік және жеке жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Сонымен қатар кадрлық саясатты жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және басқару процестерін оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң нені өзгертеді?
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды.
Құжаттар Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленіп, жүйені одан әрі жаңғыртуға бағытталған.
Заңдардың негізгі бағыттарының қатарында сервистік әрі азаматқа бағдарланған мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және HR-процестерді цифрландыру бар.
Құжатта мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың міндеттері нақтыланған.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет жүйесінде жоғары кәсіби этика мен адалдық қағидаттарын нығайту үшін мінсіз бедел институтын енгізу көзделген.
Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметшілерді даярлау институты енгізіледі. Ол қажетті құзыреттерді дамытуға арналған білім беру бағдарламаларын қамтиды.
Заңда басқарушылық лауазымдарға іріктеуді интеграцияланған «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізу қарастырылған.
Сондай-ақ «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілері үшін бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіледі.
Тәртіптік жауапкершілік мәселелері де қайта қаралған. Енді тәртіптік жазаларды қолдану кезінде олардың ауырлығы мен нақты жағдайлар ескеріледі.
Бұдан бөлек, алдын алу сұхбаттары, құзыреттерді бағалау және құқықтық ықпал етудің өзге де құралдары енгізіледі.
Сондай-ақ заңда мемлекеттің функциялары мен міндеттерін орындауға қатысатын бірқатар тұлғалардың құқықтық мәртебесі нақтыланған.