Мемлекеттік қордан жалға берілетін тұрғын үйді кім бөледі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2024 жылғы 3 мамырдағы бұйрықпен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді беру және пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, ережелер жалға берілетін тұрғын үйді бөлумен айналысатын тұрғын үй комиссиясының жұмысына қатысты тармақпен толықтырылды.

Тұрғын үй комиссиясы жұп санды кемінде алты адамнан, оның ішінде кәсіподақ ұйымының өкілдерінен (болған жағдайда), жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер өкілдерінен қалыптастырылады.

Тұрғын үй комиссияны:

1) орталық мемлекеттік органда - аппарат басшысы;

2) жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде - бірінші басшысының орынбасары басқарады.

Тұрғын үй комиссияның хатшысы дауыс беру құқығынсыз тұрғын үй комиссиясының мүшесі. Ол тұрғын үй комиссиясының хатшысы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын жүргізеді.

Тұрғын үй комиссиясының шешімі дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

Тұрғын үй комиссиясының шешімі, егер оны қатысып отырған мүшелердің үштен екісі қабылдаса, заңды деп есептелінеді

Тұрғын үй комиссиясы өтініш беруші құжаттарды тапсырған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді беру не жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы шешім шығарады.

Тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шарты үш данада жасалады. Олардың біреуі мемлекеттік мекеменің (мемлекеттік кәсіпорынның) әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға мемлекеттік мүлік тізіліміне тіркеу үшін беріліп, қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат.

Жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) тізілімнің www.e-qazyna.kz веб-порталында олармен жасалған тұрғын үйдi жалдау шарттары бойынша, оның ішінде шарттың талаптары, шарт бойынша есептер, бюджетке аударылған төлемдер және бар болса, өсімпұл бойынша ақпаратты қарауға құқылы.

Жалға алушылар (қосымша жалға алушылар) тұрғын үйді босатқан кезде жалға берушіге тұрғын үйді берген орган белгілеген нысанға сәйкес қабылдау-тапсыру актісі бойынша тұрғын үйді береді, ол туралы ақпаратты жалға беруші үш күн ішінде тізілімге енгізеді.

Бұйрық 2024 жылғы 24 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы