Бүгiн 2026, 12:01 Фото: автордан

Мемлекеттік қолдау арқылы дамыған шағын өндіріс

Алтынай Елеусізованың сөзінше, алғашқы қадам үй жағдайында тапсырыс қабылдаудан басталған.

Қызылордада бірнеше жыл бұрын шағын кондитерлік ретінде басталған «Империя вкуса» жобасы бүгінде өндірістік көлемін арттырып, 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның негізін қалаушы Алтынай Елеусізова кәсіпкерлік жолының оңай болмағанын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, алғашқы қадам үй жағдайында тапсырыс қабылдаудан басталған. Уақыт өте келе тұрақты сұраныс пайда болып, шағын өндіріс ашу қажеттілігі туындаған.

Бастапқыда барлығы шағын көлемде болды. Мен үшін кондитерлік өнім – бұл эмоция, отбасы жылуы, дастархан мәдениеті. Уақыт өте келе біз сапалы, адал өнім жасап қана қоймай, адамдар жиналатын, шабыт алатын орын құруды мақсат еттік, - дейді кәсіпкер.

Қаржыландыру және мемлекеттік қолдау

Жоба алғашқы кезеңде жеке қаражат есебінен іске қосылған. Кейін өндірісті кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған.

Кәсіпкер «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігін пайдаланғанын айтады. Бұл құрал несие жүктемесін азайтып, қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берген.

Бағдарлама аясында несие пайызының бір бөлігі субсидияланады, кепілдік беру мүмкіндігі бар, кәсіпкерлерге кеңес беріледі. Мемлекеттік қолдау құралдары бизнесті жоспарлы түрде дамытуға көмектесті, - деп атап өтті ол.

40 адам жұмыспен қамтылып отыр

Қазіргі таңда кәсіпорында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірісте технологтар, кондитерлер және әкімшілік қызметкерлер еңбек етеді.

Біз үшін кадр тұрақтылығы маңызды. Өйткені өнім сапасы тікелей адамның кәсібилігіне байланысты, - дейді ол.

Өндіріс көлемі

Кәсіпкер сөзінше, орта есеппен күніне 1500-2000 дана өнім шығарылады. Мереке күндері бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғаяды. Соған қарамастан көлемнен бұрын тұрақты сапа стандартына басымдық беріледі.

Бәсекелестік және даму жоспары

Кондитерлік нарықта бәсекелестік жоғары. Әсіресе ірі қалаларда таңдау көп. Дегенмен кәсіпкердің пікірінше, нарықтағы бәсеке сапаны арттыруға итермелейді.

Алдағы 3-5 жылда өндірісті автоматтандыру, қосымша нүктелер ашу және жаңа өнім желісін шығару жоспарда бар. Сондай-ақ этно-бағыттағы коворкинг кеңістігін іске қосу көзделіп отыр, - дейді Алтынай Елеусізова.