Цифрландыру мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда барлық мемлекеттік қызмет цифрландырылады, қала әкімі осындай міндетті алға қойып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев брифинг барысында айтты. 

Оның айтуынша, қалалықтар үшін ақпараттық жүйенің қолжетімділігін барынша жеңілдетіп, қаланың барлық тыныс-тіршілігінің бірыңғай базасын жасау басты міндет болып отыр.

«Цифрландыру мемлекеттік органдардың ашықтық және тұрғындардың хабар алу деңгейін арттырады. Қазіргі кезде біз қаланың барлық нысандарына мониторинг жүргіземіз, сол арқылы жол жөндеу, инфрақұрылымдық желілерді тарту, мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың шоғырлануы және басқалары бойынша көрсетілген сервистік жұмыстарды біліп отырамыз. Енді бұл бағытты одан әрі жетілдіріп, оның операциялық даму процесіне қала тұрғындарын кеңінен тарту үшін бірқатар шараларды жүзеге асырамыз», - дейді Баян Қоңырбаев.

Сөз арасында ол Цифрландыру басқармасында алдағы уақытта жобалауды басқару, процестік даму және өзгерістерді басқару, мәліметтерді басқару сияқты бірнеше бөлім жұмыс істейтіндігін айтты.

Сонымен қатар, студенттер мен түлектерді цифрландыру процесіне тарту үшін техникалық университеттер және кәсіби колледждермен ынтымақтастық орнатылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы