Мемлекеттік қолдау бір ауылды құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жабылудың аз алдында тұрған ферма екі жылда адам танымастай өзгерді. Бұл мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана білген фермер еңбегінің жемісі.


Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында орналасқан «Донецкое – Нұрлы Жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Ол облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Белгілі бір себептермен Донецкое ауылының тіршілігі тұралап, берекесі кете бастағанда іскер азаматтар қол біріктіріп, елдімекеннің тамырына қан жүгірткен.

«Мен өмір бойы егін егіп, жермен жұмыс істеп келемін. Екі жыл бұрын Донецкое ауылындағы ферма жабылып, сол жердегі азаматтар жұмыссыз қалатын болды. Әкімдіктің өтініші бойынша мен қалған дүниені сақтап қалуға бел байладым», - дейді «Донецкое - Нұрлы Жол» ЖШС директоры Сәкен Нұрғалиев.

2017 жылы фермер С.Нұрғалиев өзінің досымен екі шаруашылықты біріктіріп, серіктестік құрады. Сондағы базаны, қойманы, қырманды сатып алады. Одан кейін асыл тұқымды ірі қара мал сатып алудың жолдарын іздейді. Мал санын көбейтіп, шаруашылықты кеңейтіп, ауылды қайта қалпына келтіруге, азаматтарға жұмыс тауып беруге бар күш-жігерлерін жұмсайды.


Өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 40 млн теңге несиеге қол жеткізіп, оған чехиялық «Agro Royal» компаниясынан 60 бас симментал тұқымды тайыншалар сатып әкелді.

Сондай-ақ, серіктестік Қордың «Ырыс» бағдарламасы арқылы шаруашылығын кеңейткен. Алған 79 млн теңге несиеге Словакиядағы «Sevita» компаниясымен келісімшартқа отыру арқылы симментал тұқымды малдың екінші партиясын жеткізген. Енді Беларусь 921 тракторын, жүк тиегіш және басқа да шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр.

«Біз жалақы бойынша қарыз болып жүрген 10 жұмысшының еңбекақысын төлеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алдық. Бүгінгі таңда фермада 28 адам жұмыс істейді және олар лайықты еңбекақыларын алып отыр»,- дейді Сәкен Нұрғалиев.

Алған несиелері ірі қара мал басын 250-ден 600 басқа дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Оның ішінде 110 бас асыл тұқымды сиырлары бар. Биыл күзде Словакиядан тағы 100 бас ірі қара әкелмек.

Асыл тұқымды сиырлардың бір жарым айлық бұзауы көлемі жағынан жергілікті жарты жылдық бұзаудан үлкен болады. Асыл тұқымды малмен жұмыс істегендердің табысы артық. Мысалы, жергілікті сиырлардан сауыншылар 100 мың теңге тапса, сырттан келген асыл тұқымды сиырды сауатындардың еңбегі шамамен 150 мың теңгеге жетеді.

Бүгінгі күні Донецкое ауылында бес жүзге жуық адам тұрады. Оларға осы шаруашылық және оның басшылығы үлкен көмек көрсетіп отыр. Өйткені, ауылда жұмыс бар, табыс бар. Ерінбей еңбек еткен адамның тұрмысы да жақсы. Серіктестік ауылдан құдық қазып, ғимараттар салып, жолдарды жөндеп жатыр. Оның сыртында ауыл мектебіне де көмектеседі.

Соңғы үш жылда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бұл аймаққа етті және сүтті бағыттағы мал басын көбейту үшін 1,4 млрд теңге қаржы бөлді. Соның нәтижесінде 2,3 мың бас ірі қара сатып алынған. Етті және сүтті бағыттағы мал басын арттыруға несие беру жұмыстары жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы