Мемқызметкерлердің халық алдында екпе салдыруы хайп қуу үшін емес – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өзінің Facebook-тегі парақшасында айтты.

Күні кеше ғана елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталды. Бұл процесс халықты иммунизациялау бағытын жақтаушылар мен қарсылар арасында  екіжақты пікір тудырып отыр. Өкінішке қарай, рационалды аргументтермен қатар, дауласушылар арасында кері пікір білдіріп жатқандар да бар. Мен вакцинацияны жақтаушылар қатарындамын. Екпе салдырамын. Кезегім келген бетте мен де екпені халық алдында салдыруға дайынмын, - деді ол.

Дәурен Абаев қазақстандық QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынақтары барысын бақылап отырғанын жеткізді.

Қазір үшінші кезең өтіп жатыр. Тиімділік көрсеткіші жоғары. Аса күрделі теріс әсерлер тіркелмеген. Отандық вакцинаның негізінде инактивті вирус жатыр, яғни, тірі емес вирус. Ол біздің ағзамызды қорғауды қамтамасыз ететін антиденелерді жасауға атсалысатын болады. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының (БҚПҒЗИ) барлық құжаттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жіберіледі. Барлық процесс мұқият тексеріледі. Бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды, - деді ол.

Абаев Қазақстандағы вакцинация тегін жүргізілетінін еске салды.

Әрине, ең алдымен, індетпен күресте алғы шепте жүрген инфекциялық ауруханалардың дәрігерлері мен қызметкерлері вакцина алатын болады. Тағы бір айта кететін мәселе, мемлекет ешкімді екпе алуда мәжбүрлемейді. Екпе тек ерікті түрде салынады. Әлеуметтік зерттеулер кейбір азаматтардың вакцинаның жылдам өндірілуіне қатысты оның теріс әсері болуы мүмкін деп алаңдайтынын көрсетті. Яғни, бұл адамдар екпеге түбегейлі қарсы емес, тек оларға қосымша кепілдік керек. Сол себепті еліміздің барлық аймағындағы жауапты мемлекеттік қызметкерлер халық алдында екпе салдыруда. Бұл хайп қуу, жарнамасын асыру немесе есебін түгендеу мақсатында жасалып отырған жоқ. Бұл – түбегейлі сенім атмосферасын құрудағы алғашқы қадам. Вакциналау – өмірімізді қалыпты арнасына қайтарады, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы