Мемлекеттік қолдаудың арқасында Павлодар облысында шағын бизнес нысандары көбейді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Business Ertis бағдарламасы бойынша жоспар алғашқы үш айда 40%-ға орындалған.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтың айтуынша, бағдарлама жүзеге асырылғалы үш айдың ішінде шағын және орта бизнес нысандары мыңға көбейген. 

2021 жылдың алғашқы тоқсанында біз бағдарламаның 40%-ын орындадық. Мәселен, «Бизнес бірге» бағыты бойынша Инвесторлар үйінде кәсіпкерлерге тегін құқықтық кеңес беруге арналған адвокат кабинеті жұмысын бастады. Ал «Бизнес әлеумет» бағыты бойынша Павлодар облысы фармацевтерінің қауымдастығымен меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде павлодарлық зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар дәрі-дәрмектерді жеңілдікпен алу мүмкіндігіне ие болды, - дейді Айбек Тұрсынғалиев. 

Бүгінде облыстың инвестициялық портфелі 1,9 триллион теңгені құрайды. 116 жоба бар. Сала мамандарының айтуынша, Business Ertis бағдарламасы жергілікті бизнесмендердің белсенділігін арттырды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар саны көбейген. Осы жылдың алғашқы үш айында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 585 жоба қолдау тапты. Бұл - былтырғы жылғы көрсеткішке қарағанда бес есе артық. 

2020 жылдың басында жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарының саны 614 бірлікке азайған. Ал осы жылы олардың саны 1038 нысанға ұлғайды. 

Айта кетейік, өңірде өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі 70,5 млрд теңгеге жақындаған. Ал инвестициялар көлемі 12,3 млрд теңгені құрап отыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы