Кеше 2026, 22:25 Фото: BAQ.KZ архиві

Қоғамдағы тұрақтылық тәртіптен басталады – Ерлан Қарин

Оның айтуынша, президенттік реформалардың арқасында елдің ішкі саясаты түбегейлі өзгерістерге ұшырап, көптеген салада бірыңғай тәртіп қалыптаса бастады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Біздің идеологиямыз – Конституция» атты авторлық мақаласы жарияланды. Онда жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде тәртіпке, реттілікке және мемлекеттік мүддені қорғауға негізделген бірыңғай қағидалар мен ережелердің қалыптасқаны атап өтілген.

Ерлан Қариннің айтуынша, Президент бастамашы болған реформалар қоғамдық сананың елеулі жаңаруына ықпал етті.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туды көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Ауқымды реформалар барлық саланың дамуына тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, ең алдымен, қоғамдық сананың жаңаруына жол ашты. Ішкі саясаттың мазмұны өзгеріп, оның негізгі бағдарлары айқындала түсті. Қоғамда өзара қолдау, еңбекқорлық, ұқыптылық және үнемшілдік сияқты қасиеттер біртіндеп орнығып келеді. Азаматтарымыздың көзқарасы мен өмірлік ұстанымы өзгеруде», – деп атап өтті, – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Оның айтуынша, президенттік реформалардың арқасында елдің ішкі саясаты түбегейлі өзгерістерге ұшырап, көптеген салада бірыңғай тәртіп қалыптаса бастады.

Ономастика мәселелері, ескерткіштер орнату, ведомстволық наградаларды беру тәртібі бойынша нақты регламенттер бекітілді. Тіпті кинофильмдерді прокатқа шығаруға қатысты да арнайы талаптар енгізілді, – делінген мақалада.

Мемлекеттік кеңесші бірқатар қоғамдық құбылыстарға қатысты қабылданған заңнамалық өзгерістерге де ерекше тоқталды.

Атап айтқанда, ЛГБТ мен педофилияны насихаттағаны үшін жауапкершілік белгіленді. Қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін, яғни бетін толық жабатын киім кигені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Сонымен қатар ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыратын материалдарды қоса алғанда, заңсыз контент таратқаны үшін жауапкершілік күшейтілді, – деді Ерлан Қарин.

Оның сөзінше, бұл шешімдер қабылданған кезде мемлекетке ішкі және сыртқы тараптардан қысым көрсету әрекеттері болған.

Өкінішке қарай, аталған нормаларды қабылдау кезеңінде ел ішінде де, сырттан да ықпал етуге талпыныстар жасалды. Кейбір сарапшылар мұндай мәселелерді көтерудің қажеті жоқ екенін айтып, билік өзіне қосымша қиындықтар мен қарсыластар тауып жатыр деп бағалады. Басқалары кейбір шешімдер белгілі бір қоғамдық топтарға ұнамайды немесе олардың наразылығын тудырады деп мәлімдеді, – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Мақаласын қорытындылаған Ерлан Қарин мемлекеттік саясаттың басты өлшемі ұлттық мүдде болуы тиіс екенін атап өтті.

Шын мәнінде, мемлекеттік саясаттың мақсаты – біреуге ұнау немесе әлдекімнің қолдауына ие болу емес. Ең бастысы – қабылданатын шешімнің ел мүддесіне сай келуі және оның мемлекет болашағы үшін қажетті болуы. Сондықтан Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, сыртқы да, ішкі де саясат біреуге ұнауға немесе саяси ұпай жинауға емес, ең алдымен мемлекеттің мүддесін қорғауға бағытталуы тиіс, – деп түйіндеді Ерлан Қарин.