Мемлекеттік кеңесші балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жөнінде жиын өткізді
Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын-алу және оның жолын кесу мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басқосуға Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрлері, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау, құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу және оған жол бермеу бойынша жүйелі әрі жедел іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Ерлан Қарин бұл проблемалар мемлекеттің жіті назарында екенін атап өтті. Мемлекеттік органдар қажетті институционалдық шешімдер әзірлеп, сын-қатерлердің алдын алу тетіктері мен алгоритмдерін жасады.
Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды заң талаптарына қайшы ақпараттан қорғауға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізудің маңызы зор. Аталған шараларды жүзеге асыруға азаматтық институттарды және ата-аналарды да тартқан жөн.
Жиын соңында Ерлан Қарин жауапты мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту жөнінде нақты тапсырмалар берді.