Мемлекеттік хатшы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Мемлекеттік хатшы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Мемлекеттік комиссия мүшелерімен бірге «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» (АЛЖИР) мұражай-мемориалдық кешенінің еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойды. 

Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын «бір минут үнсіздікпен» еске алды.
Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын «бір минут үнсіздікпен» Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжанов, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Д.Абаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев еске алды. 

Мұражай-мемориалдық кешенді аралау барысында Қ.Көшербаев мұражайдың ғылыми-іздестіру және экспедициялық жұмысына ерекше назар аударып, әйгілі АЛЖИР лагерінің тұтқындарын ақтау Мемлекеттік комиссияның республика аумағындағы лагерьлерде болған жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін ақтаумен айналысатын жұмыс топтарының бірінің міндетіне кіретінін атап өтті.
Мемлекеттік хатшы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссияның қызметі тарихты зерделеу мен архивтік зерттеулер жүргізу жөніндегі кешенді жұмыстың негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру шеңберінде жобалық офис, екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы және 17 өңірлік комиссия құрылып, жұмыс істеуде. 

Жұмыс топтары мен өңірлік комиссиялардың ғалымдары және сарапшылары жабық архив материалдарына рұқсат алып, белсенді зерттеу жұмысына кірісті. Оның тиімділігін қамтамасыз ету үшін базалық әдіснама бекітілді, жұмыс топтарының тақырыптық жоспарлары қалыптастырылды, жергілікті жерлерде архив құжаттарын іздеу және зерделеу мәселелері бойынша кездесулер өткізіледі. 

Қорытындылай келе, Мемлекеттік хатшы мемлекеттік комиссияның қызметі, ең алдымен, жазықсыз зардап шеккен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын мәңгі есте қалдыру және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі үлкен тарихи миссия және алдыңғы және болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілік екенін тағы да еске салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы