Мемлекеттік хатшы Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 

Жеңіс күніне орай елордадағы Жеңіс даңғылының бойындағы «Ақжайық» саябағында салтанатты іс-шара өтті. 

Бүгінгі мерекелік шараларды ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан-Ана" монументіне гүл шоқтарын қоюмен бастаған болатын. Одан кейін міне, Мемлекеттік хатшы Ерлан Тынымбайұлы даңқты сұрмерген Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл қоюмен жалғастырды. 
Алаңға жиналған қауым Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгер қазақстандықтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. 

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ тарихына Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сияқты аяулы есімдерді қалдырды. Хиуаз Доспанова қарсы жаққа әуеден қырғидай тисе, Әлия Молдағұлова мергендігімен жаудың зәресін алды. Ал Мәншүк Мәметова пулеметші ретінде тарихта қалды. 

Деректерге көз жүгіртсек, Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан қойып берген есімі – Мәнсия. Ол 1922 жылдың қазан айында  Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында дүниеге келді. Мәнсияның балалық шағы Қазақ КСР-да, Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. 

Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына орай елордада Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылған. Елордадағы Жеңіс даңғылы бойындағы тынымбақта (сквер) батыр қыздың еңселі ескерткіші бой көтерген.

Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде - 6,1 метр.Онда шинель киіп тұрған батыр қыз бейнеленген. Авторы - белгілі қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы