Мемлекеттік хатшы Атырау облысына іс-сапармен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты. 

Тәу етер тұғырымыз Тәуелсіздіктің құндылығына тоқталған Қырымбек Елеуұлы еліміздің отыз жыл ішінде жеткен жетістігі жайында жан-жақты айтты. 


Біз – еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген дана халықпыз. Біз – тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ елміз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде құт-берекеге айналды. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз. Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал, – деді Мемлекеттік хатшы. 

Қырымбек Көшербаев Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына Атырау облысының ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті. 


Жиын соңында әртүрлі салада мемлекетіміздің мерейін асырып жүрген азаматтарды Президенттің Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы