Мемлекеттік еңбек инспекторлары 36 мыңнан астам жұмысшының жалақыларын қайтарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қостанай қаласына жұмыс сапары аясында өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын және әлеуметтік серіктестікті реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтты.
Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы вице-министрлері, республика өңірлері әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыста сөз сөйлеген Біржан Нұрымбетов еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі міндеттерді шешуге назар аударды. еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жалақыны уақтылы төлеуді бірінші мәселе деп атады.
Ағымдағы жылы еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешегі 5,7 млрд теңгеден асатын елдегі 1700 кәсіпорынды анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғалып, жалақылары бойынша 5,1 млрд теңге қарыздары қайтарылды. Бүгінгі күнде жалпы қарыз сомасы 1,42 млрд теңгені құрайды және жыл басынан бері ол 28%-ға немесе 560 млн теңгеге азайды. Сонымен бірге, ағымдағы және мерзімі өткен берешек сомасы 2700 қызметкерге 733 млн теңгені құрайды, - деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, ең көп қарыз Нұр-Сұлтан қаласына, Алматы және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 59 ұйғарым беріліп, 25 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, ал жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін 6 кәсіпорын басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Қабылданатын шараларды күшейту мақсатында еңбек инспекторларының ұйғарымын сот орындаушылардың атқару құжаттарының тізіміне енгізу және жалақыны төлемеу бойынша құқық бұзушылық үшін жұмыс берушілердің әкімшілік жауапкершілігін күшейту мәселесі шешілуде, - деп толықтырды министр.
Министр еңбек қатынастарын реттеудегі екінші негізгі міндет – ұжымдық еңбек дауларының алдын алу деп атады.
Дағдарысқа қарсы штабтар мен әлеуметтік серіктестік жөніндегі өңірлік комиссиялардың тұрақты жұмысына қарамастан, әрдайым еңбек жанжалдарының алдын алу мүмкін бола бермейді. Ағымдағы жылдың басынан бері республикада 9 еңбек жанжалы орын алды. Оның 7-і шетелдіктердің қатысумен, елдің батыс өңірлеріндегі мұнай-газ және мұнай-сервис кәсіпорындарында болған. Жанжалдардың негізгі себептері жалақыны көтеру, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек пен тұрмыс жағдайларының теңсіздігінен туындады, - деді Біржан Нұрымбетов.
Министр еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі ұжымдық шарттар жасасу болып табылатындығын, онда жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қатынастарды реттеуге болатындығын атап өтті.
Бүгінгі таңда ұжымдық келісім-шарттар ірі және орта кәсіпорындардың 96,7%-ын қамтығанына қарамастан, еңбек жанжалдары қазіргі ұжымдық келісім-шарттардың мазмұны мен сапасының төмендігін көрсетеді. Бұл орайда жұмысшылар бірлестіктері белсенді болуы керек, - деді министрлік басшысы.
Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдайға ерекше назар аударды.
Еңбек жанжалдарының айтылған себептерін ескере отырып, Ел президентінің тапсырмасы бойынша қазақстандық және шетелдік қызметкерлер арасында еңбекақы төлеудегі сәйкессіздікті болдырмауға қатысты прокуратура органдарымен бірлесіп, 30 адамнан асатын шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартатын 95 кәсіпорында тексеру жұмыстары аяқталды. Еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталды, оның ішінде 25 кәсіпорында 474 еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік фактісі белгілі болды. Тексеру қорытындысы бойынша 89 ұйғарым беріліп, 92 млн теңге сомасына 383 әкімшілік іс қозғалды, 681 рұқсат кері қайтарылды, 393 шетелдік қызметкер елден шығарылды, - деп хабарлады министр.
Сондай-ақ, ол қазақстандық қызметкерлердің құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында ҚР Еңбекминінің заңнамаға: әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге және шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға жыл сайын тексеру жүргізуге; жыл сайынғы квоталар көлемін қысқартуға, сондай-ақ жұмыс мамандықтары бойынша шетелдік персоналды тартуға және үшінші мен төртінші санаттарға сәйкес тартылатын шетелдік қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен ауыстыру туралы жұмыс берушінің міндеттемелерін енгізуге бағытталған түзетулер даярланғанын атап өтті.
Бұл ретте, өңір әкімдіктері еңбек нарығын жан-жақты зерделегеннен кейін ШЖК тартуға квота белгілеуі керек және ШЖК-ны тартатын жұмыс берушілердің қызметкерлері арасында жергілікті құрамның артуын қамтамасыз етуі керек, - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.
Министр еңбек қатынастарын реттеудегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді төртінші негізгі міндет ретінде белгіледі.
Оның айтуынша, 2019 жылғы 10 айда өндірісте 1069 адам зардап шегіп, оның ішінде 129 адам қайтыс болды, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% және 23% төмен болғанымен, тау-кен металлургия кәсіпорындарында – 16,2% және құрылыс саласында – 12,8% жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда. Өндірістік жарақаттанудың өсуі Ақмола, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.
Еңбекті қорғау саласында неғұрлым жиі жол берілетін бұзушылықтар: қызметкерлерді оқыту мен нұсқама жүргізбеу – 13,6% (243), қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу – 11,9% (214), жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеу – 9,7% (174) болып табылады. Оқиға түрлері бойынша көптеген жазатайым оқиғалар: зардап шегушінің биіктіктен құлауы (191 немесе 20,2%), қозғалып келе жатқан, айналмалы заттардың әсері (119 немесе 12,6%), қирау, опырылу, заттардың құлауы (105 немесе 11,1%) және т.б. салдарынан болған.
Еңбек инспекторларының талабы бойынша қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатерді ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп табылған 47 лауазымды тұлға қызметінен босатылды. 11 құрал-жабдықтың, 2 өндірістік нысанның және 7 ұйымның жұмысына тыйым салынды. 820 іс құқық қорғау органдарына беріліп, олар бойынша 116 қылмыстық іс қозғалды, - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күнге дейін 2,3 мың кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың халықаралық және ұлттық стандарттарын (OHSAS 18001, ХЕҰ-СУОТ) енгізгенін, 15 мың кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істетйтінін хабарлады.
Ағымдағы жылғы маусым айында Женевада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы "Vision Zero" нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандумға қол қойды, оның басты мақсаты жазатайым оқиғалар мен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын азайту болып табылады. Алайда, бүгінгі күнде тұжырымдамаға тек 117 кәсіпорын ғана қосылып отыр. Бұл бағытта Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмыстар белсенді жүргізілуде. Біз әлеуметтік серіктестерді осы тұжырымдамаға белсенді түрде қосылуға шақырамыз, - деп, Біржан Нұрымбетов барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен әлеуметтік серіктестерді еңбек қатынастарын реттеу саласындағы мәселелер мен проблемаларды шешу бойынша күш-жігерді үйлестіруге шақырды.
Өз кезегінде, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ерали Тоғжанов жиналыс қатысушыларына жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда жалақы бойынша берешекті азайту және қалпына келтіру шаралары туралы сөз қозғады. Облыс әкімдерінің орынбасарлары ШЖК тартатын кәсіпорындарда еңбекақы төлеу және еңбек жағдайында кемсітушіліктің алдын алу мен өндірістік жарақаттануды азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Отырысты қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев республикалық үшжақты комиссияның негізгі міндеті еңбек жанжалдарының алдын-алу және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Өкінішке орай, жауапты мемлекеттік органдар еңбек дауларының алдын алу, болдырмау бағытында жұмыс істемейді. Кәсіподақ ұйымдары проблемаларды біледі, бірақ олар да үнсіз. Еңбек инспекциясы алдын ала шаралар қабылдамайды. Біз өрт сөндірушілер сияқтымыз. Еңбек қақтығысы пайда болағаннан кейін оқиға орнына барып, жұмысқа кірісеміз. Еңбек қаупі картасы не үшін құрылды? Кешіктірілген жалақының, өндірістік жарақаттың, еңбек жағдайының сақталмауының барлық фактілерімен жеке жұмыс жасау керек, - деп ҚР премьер-министрінің орынбасары көңілі толмайтындығын білдірді.
Ол жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне еңбекақы төлеудің кешіктірілуіне жол бермеу, уақытылы төленуін қамтамасыз ету туралы еске салды.
Бұл әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе және Алматы облыстарына қатысты. Кәсіподақтармен бірлесе отырып, шаралар қабылдау керек, - деп атап өтті Вице-премьер.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев жұмыс берушілердің ұжымдық келісім-шарттар мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі міндеттемелерін орындауы мен кәсіпорындарда кәсіподақтарды құрудың маңыздылығы туралы атап өтті.
Сонымен қатар, ол шетелдік және отандық мамандардың еңбекақысы мен еңбек жағдайлары бойынша сәйкессіздігі мәселелеріне тоқталып өтті.
Біз ауқымды тексеру жүргіздік. Қазір Еңбек министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеуде, біз бұл мәселені Үкіметтің қарауына енгіземіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеде біз нүкте қоюымыз керек. Бізде білікті кадрлар бар, сондықтан еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларындағы айырмашылықтар болмауы тиіс. Қазір төртінші санат бойынша квотаны төмендету мәселесін қарастырудамыз, - деп түйіндеді Сапарбаев.