Мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім әділдік идеясына орай қабылданып келеді – Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Egemen Qazaqstan-ға сұхбат беріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытының тұжырымдамалық негіздері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Ішкі саясат саласында ақпарат ағыны әрдайым жылдам алмасып отырады. Белгілі бір кезеңде саяси реформалар, сайлаулар мен кадрлық ауыс-түйістер ел назарында болды. Содан соң отбасылық зорлық-зомбылық, қарғын сумен күрес мәселесі күн тәртібіне шықты. Дегенмен билік құрылымдары түгелдей күнделікті мәселелермен айналысып жатқанына қарамастан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарына сәйкес ілгерілеу үшін жүйелі жұмыс жалғасып келеді.

Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрыл­тайдың үшінші отырысында айқындап берді. «Әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды.

«Әділетті Қазақстан» – бір жағы­нан мемлекеттік идеоло­гияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан бола­шақтың бет-бейнесі. Шын мәнінде, «Әділетті Қазақстан» идея­сы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: «Еліміздің даму жо­лындағы осы маңызды мезетте бү­кіл қоғам болып, өркендеген, демокра­тиялық, әділетті Қазақ­стан­ды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы «Әділдік» ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды.

Әділдік идеясы қоғамның сұра­нысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни «Әділетті Қа­зақстан» ұлтты ұйыстыратын идея­ға ай­налды. Осы орайда, «әділдік» және «әділетті мемлекет» деген терминдердің мән-мағынасын нақ­ты­лай кеткен жөн. Әділдік де­ге­німіз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр.

Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келеді. Мысалы, 2022 жылы жүр­гізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әле­міне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітілді. Бұл қағидат іс жүзінде «Ұлттық қор – балаларға» атты бағ­дарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сәйкес бұдан былай Ұлттың қордың жыл сайынғы ин­вестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады.

Сондай-ақ әділдік қағидатының нақты жүзеге асырылып жатқанына мысал ретінде кезінде заңсыз алын­ған, жалпы сомасы 1 трил­лион тең­геден асатын активтердің елге қай­тарылғанын, пайдаланылмай келген 5 миллион гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, соны­мен бірге «Қазақстан халқына» қо­ғамдық қорының құрылғаны мен «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын атап өтуге болады.

Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идея­сы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жат­қан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақ­сатқа қол жеткізуге арналған. Пре­зиденттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байып­­тамасының түпкі мәні осында жатыр.

ЖАҢА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰҒЫРНАМА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді.

«Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» атты алғашқы тұжырым «Әділдік және Әділетті Қазақстан дегеніміз не?» деген сауалға жауап береді. Бұл жерде әңгіменің түйіні тең құқылы, сындарлы талқылау арқылы бәріне ортақ байлам жасап, шешім қабылдау қажет деген пайымға келіп тіреледі. Әділетті Қазақстанды құру жолында теңқұқылық қағидаты өте маңызды. Осы қағидат берік орнықса, азаматтардың бәрі өзінің жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты екінші тұжырым «әділдік ҚАЛАЙ орнайды?» деген сауалға «ел-жұртпен тығыз байланыс­та болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады» деп жауап бе­ру­­ге негізделген. Дегенмен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы азаматтардың күнделікті түйткіл­де­рін шұғыл әрі тиімді шешуді ғана меңземейді. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қа­тысты басты мәселелер бойын­ша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғар­тады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жарқын мысалы ре­тінде Конституцияға өзгерістер ен­гізу үшін өткізілген референдумды ай­туға болады.

Үшінші тұжырым – «Заң және тәртіп» әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни «Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?» деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді. Қылмыс жасаған адам­ның лайықты жазалануы – әділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне және тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Бұл ретте мына жайтты түсініп алған жөн. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. «Заң және тәртіп» қағидатының қоғамда орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс.

Төртінші тұжырым – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» Әділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни «Әді­летті Қазақстан» қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап береді. 2019–2021 жылдардағы саяси ре­фор­малардың төрт топтамасы және 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асы­руға арналды. Соның нәти­жесінде билік тармақтары арасын­да тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мем­лекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалып­тасты.

Бесінші тұжырым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Мемлекет басшысы: «Адал азамат» – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз.

Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елі­мізді одан әрі жан-жақты жаң­ғыр­ту­ға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін береді.

Сұхбаттың толық нұсқасын Egemen Qazaqstan-нан оқи аласыздар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы