Мемлекеттік бюджетке түскен кіріс мөлшері қандай?
Мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн. теңгеден аса кіріс түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджетке 6,1 трлн. теңге түсіп, жоспар 94,7%-ке орындалғанын мәлімдеді. Ал атқарылмаған бөлігі 343 млрд. теңгені құрайды.
Салықтар бойынша жоспардың 391 млрд. теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2023 жылдың 6 айында 296 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36% яғни 128 млрд. теңгеге азаюымен байланысты. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ке төмендеуімен байланысты болды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 17%-ке төмендеуі әсер етті, -деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар Қаржы министрі жергілікті бюджеттердің кіріс мөлшерінде атап өтті.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 121,7%-ке атқарылды және 3,1 трлн. теңгені құрады. Жоспар 552 млрд. теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд. теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды, - деді Ерұлан Жамаубаев.