Ақсуда мемлекеттік бағдарлама бойынша 25 жоба жүзеге асырылуда
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақсу қаласында "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда басым бөлігі қолға алынды.
Сала мамандарының хабарлауынша, бағдарлама аясындағы жобалар негізгі төрт бағыт бойынша іске асырылады. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік-мәдени нысандардың күрделі және ағымдық жөнделуі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының реконструкциясы мен орташа жөнделуі, инженерлік-көліктік нысандардың құрылысы мен жөнделуі, сонымен қатар, елді мекендерді абаттандыру бағыттары бар.
Облыстық Жұмыспен қамтудың үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының мәліметінше, инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Олардың 500-ден астамы - Жұмыспен қамту орталықтарынан келгендер.
Қазіргі уақытта Ақсу қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты бассейннің ғимараты жөндеуден өтуде.
Бағдарлама бойынша жарықтандыру жүйесі толық жөнделді. Қабырғалар ақталып, сырланды. Ғимарат ішіндегі еден де ауыстырылды. 1973 жылы салынған бассейн де жөндеу көрді.
Ақсу қаласында екі бес қабатты тұрғын үй құрылысы бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 110 бөлмелік жатақхана бой көтеруде. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 200 адам еңбекпен қамтылды. Олардың көбі жұмыссыз студенттер мен жұмыссыз ретінде есепте тұрғандар. Тұрғын үй құрылысы аяқталған соң пәтерлер «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы үлестіріледі. Нәтижесінде 230 адам баспаналы болады, - дейді басқарма мамандары.