14 Қыркүйек 2026, 11:09 Фото: видеодан алынған кадр

Мемлекеттік ақшаны алу үшін жалған қожалықтар құрған: Күдікті әйел Грузиядан қайтарылды

Тергеу мәліметінше, күдікті сенімді адамдардың атына шаруашылықтар тіркеп, мемлекеттік қолдауға қол жеткізген. Залал 238 млн теңгеден асқан.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен аталған елден бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматшасын экстрадициялады.

Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, солардың негізінде жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған, - деп хабарлады Бас прокуратыра.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.

Ағымдағы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-еуі жымқырғаны үшін іздеуде болған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «The Finiko» құрылымдық бөлімшесінің басшысын Түркиядан елге қайтарды.