Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысушылар үшін демпингтік шек 20% - дан 10% - ға дейін төмендетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы министрлігі 2022 жылғы 9 маусымда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың конкурстық рәсімдерін регламенттеу бөлігінде Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша бұйрығын қабылдады.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық дамыту министрлігі мәлімдейді.

Бұл нормаларды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҮЕҰ өкілдерімен және сарапшылармен бірлесіп отырып әзірлеп, ұсынды.
Өзгерістер ҮЕҰ көтеріп жүрген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. 

Атап айтқанда, тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үшін:
- демпингтік шек 20-дан 10-ға дейін төмендетілді;
- әлеуетті өнім берушілерді (ҮЕҰ) іріктеу критерийлері қайта қаралды. Бұл, өз кезегінде әлеуметтік жобалардың сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді;
- үкіметтік емес ұйымдардың еңбек ресурстарына қос талаптардың болуы жойылды;
- мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде конкурстық құжаттама жобасын алдын ала талқылау рәсімдері көзделді.
Бұл механизм қатысушыларға тең мүмкіндіктер беру, сондай-ақ тапсырыс берушілер тарапынан конкурстық құжаттамаға жоғары талаптар белгілеуді болдырмау мақсатында көзделген.

Әлеуетті өнім берушілерге сапалы конкурстық өтінімді дайындау үшін конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салу арқылы мемлекеттік сатып алу порталында қажетті ақпаратты алу құқығы берілетін болады.

Қабылданған нормалар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыруға; конкурстық рәсімдерге шағымдану мен конкурстардың өтпей қалуын қысқартуға ықпал етеді деп болжануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы