Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 162 млрд теңгеден астам төлем төленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы 10 айда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 162,1 млрд теңге көлемінде төлемдер жүргізілді.
Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 65,1 млрд теңгені, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша – 74,2 млрд теңгені, еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша – 11,4 млрд теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 7,8 млрд теңгені, жұмысынан айырылу бойынша – 3,6 млрд теңгені құрады, делінген хабарламада.
Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің орташа мөлшері 424 063 теңгені құрады, мұндай төлемді 164 мың қазақстандық алды.
Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 30 925 теңгені құрады, оны 395 мың азамат алды.
54,7 мың адам жұмысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алды, оның орташа мөлшері 22 631 теңгені құрайды.
46,6 мыңнан астам қазақстандыққа асыраушысынан айрылу жағдайында төлемдер төленді, олардың орташа мөлшері 17 628 теңгені құрады.
Тағы 85,3 мың азамат еңбекке қабілетінен айрылуы жағдайында әлеуметтік жәрдемақы алды. Бұл төлемнің орташа мөлшері 14 860 теңгені құрады.
Қазақстанда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. МӘСҚ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын алушыларға: мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жұмысынан айрылған азаматтарға, жүктілігіне және жүкті әйелдердің босануына байланысты, бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты отырған аналарға төлемдер төлеуді қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызды функцияларды орындайды.