Мемлекеттік қызметтің 83%-ға жуығы автоматтандырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы әкімдігі көрсететін мемлекеттік қызметтердің 82,9% автоматтандырылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 90%-ға жетеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының хабарлауынша, Алматы облысының аймақтық геоақпараттық жүйесінің іске қосылуының нәтижесінде 16 мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілген. Оның 10-ы жер қатынастары, қалған 6-ы сәулет және қала құрылысы салалары бойынша іске асырылған.

Бас жоспарларды, инженерлік желілерді облыстық маңызы бар қалаларда 100% цифрландыру жұмысы жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге, ал сәулет және құрылыс саласында 100 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ, білім беру және спорт саласындағы 12 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 90%-ға жеткізіледі деп жоспарлануда.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн режимінде ала алмайтын тұрғындар үшін облыс орталығында 53 «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ашылды.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша ақысыз курстарды ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда облыстағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 83% құрайды. Биыл тағы 10 мың адамды оқыту жоспарлануда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 85 пайызға жетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы