9 Қыркүйек 2026, 10:47 Фото: pixabay.com

Президент қазақ-қытай қарым-қатынасының болашағы туралы айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстар соңғы жылдары айтарлықтай нығайғанын айтып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрмет екіжақты қатынастардың басты тірегі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының сөзінше, мемлекеттер арасындағы шынайы әрі берік серіктестік, ең алдымен, адамдар арасындағы сенімге негізделеді.

Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас адамдар арасындағы сенімнен басталады. Елдер арасындағы байланыс халықтар бір-бірін танып, түсініп, құрметтеген кезде ғана шын мәнінде берік болады. Сондықтан біз қазақ-қытай ынтымақтастығының гуманитарлық бағытына ерекше мән береміз, – деді Президент.

Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыс күшейіп келеді

Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Ресми саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтарының тікелей қарым-қатынасы да қарқынды дамып келеді.

Президент 2026 жылдың Қазақстан мен Қытайдың мәдени алмасу жылы болып жарияланғанын осы үдерістің айқын дәлелі деп атады.

2026 жылы өтетін Қазақстан мен Қытайдың мәдени алмасу жылы осы үрдістің жарқын көрінісі болды. Өткен жылы Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығын аштым. Соның арқасында Қытай жұртшылығы біздің тарихи мұрамызбен, әдебиетімізбен, музыкамызбен, кинематографиямызбен, ұлттық дәстүрлерімізбен және заманауи өнерімізбен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, – деді Мемлекет басшысы.

Мыңдаған қазақстандық студент Қытайда білім алып жүр

Президент білім беру саласын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

Бүгінде Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан университеттерін таңдаған Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Елімізде Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп жатыр, «Лу Бань шеберханалары» ашылды, академиялық ұтқырлық пен университеттер арасындағы әріптестік бағдарламалары кеңейіп келеді, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың цифрландыру және жасанды интеллект мектебін құру туралы бастамасы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.

Мен бұған дейін Қазақстан-Қытай цифрландыру және жасанды интеллект мектебін құруды ұсынған болатынмын. Менің ойымша, мұның бәрі жай ғана білім беру жобалары емес. Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағына салынған стратегиялық инвестиция, – деді Президент.

Қытайдан келген туристер саны бір жылда 47 пайызға өскен

Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Оның айтуынша, өзара визасыз режимнің енгізілуі бұл бағыттың дамуына үлкен серпін берген.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көп. Азаматтарымыздың бір-бірінің елдеріне қызығушылығының артуына тікелей әуе қатынастарының көбеюі мен жаңа автокөлік бағыттарының ашылуы да ықпал етіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның Қытайдан келетін қонақтарға елдің бай мәдениеті мен табиғи ерекшеліктерін таныстыруға мүдделі екенін айтты.

Біз қытайлық достарымызға Қазақстанды бар қырынан көрсеткіміз келеді. Заманауи Астананы, көне Түркістанды, Алматының тауларын, Маңғыстаудың бірегей табиғатын, Ұлы даланы, Ұлы Жібек жолының мұрасын, ұлттық музыкамызды, дәстүрлі аспаптарымызды, асханамызды және қонақжайлық дәстүрімізді таныстырғымыз келеді, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл үдеріс өзара сипатқа ие.

Қазақстан да Қытайды үлкен қызығушылықпен танып жатыр. Бұл – ежелгі өркениеті бар әрі бүгінде қарқынды дамудың жарқын үлгісін көрсетіп отырған мемлекет, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ және қытай халықтарын ғасырлар бойғы ортақ тарих байланыстыратынын атап өтті.

Қазақ пен қытай халықтары ғасырлар бойы көрші өмір сүріп келеді. Бір кездері Ұлы Жібек жолы адамдарды, мәдениеттерді, білімді және өркениеттерді тоғыстырған еді. Біздің ортақ ұлы тарихымыз халықтарымыз арасындағы жарқын достықтың болашағына негіз қалап, тағдыры ортақ мемлекеттер қауымдастығы идеясының табысты дамуына жол ашты, – деп түйіндеді Президент.