Мемлекетке 21 млн теңге шығын келтірді. ІІМ браконьерлермен қалай күресіп жатыр?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты.
Ресми өкіл тәркіленген заттарды тізіп берді.Ішкі істер органдарының міндеттерінің бірі - табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу, табиғат қорғау органдарына браконьерлікпен күресте көмек көрсету. Шара нәтижесінде 3,5 табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 1 983 заңсыз аңшылық, 68 - ағаштарды заңсыз кесу, 747 - заңсыз балық аулау, 21 - жабайы жануарлар мен өсімдіктер түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз алу, тасымалдау, әкету, сақтау фактілері бар, - деді Нұрділдә Ораз.
Нұрділдә Ораздың айтуынша, анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 21 миллион теңгеден астам.Барлығы заңсыз дайындалған 227 текше метр ағаш, 9,8 тонна балық, оның ішінде жарты тонна бекіре тұқымдас балық, 17 киік мүйізі, 462 құқық бұзушылық жасау құралы, 142 аңшылық атыс қаруы тәркіленді. Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша экологиялық бұзушылықтар бойынша 120 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды, - деді ол.
Мәселен, Ақтөбе қаласында қызыл кітапқа енген қарағашты заңсыз кесумен айналысқан азамат ұсталды. Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалығының қызметкері киіктерді өлтірді, - деді ол.