14 Наурыз 2026, 21:51 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мемлекетке 1 трлн теңгеден астам заңсыз актив қайтарылды

Тек 2025 жылдың өзінде 316,7 млрд теңге мемлекетке қайтарылды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2025 жылға арналған заңсыз иемденілген және шетелге шығарылған активтерге қарсы іс-қимылдың қорытындысы туралы жыл сайынғы ақпаратты жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство мәліметінше, мемлекетке жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден астам активті қайтару бойынша шаралар қабылданған. Оның ішінде 1,076 триллион теңгеден астам қаражат пен мүлік нақты қайтарылды. Бұл қаражаттың 968,5 млрд теңгесі – ақшалай, ал 107,7 млрд теңгесі – мүлік түрінде қайтарылған. Тек 2025 жылдың өзінде 316,7 млрд теңге мемлекетке қайтарылды.

Қайтарылған активтердің қатарында коммерциялық және тұрғын үй ғимараттары, шетелдегі жер учаскелері, компаниялардағы акциялар мен үлестер, автокөліктер, зергерлік бұйымдар және басқа да құнды мүліктер бар.

Сонымен қатар келісімдер нәтижесінде заң субъектілері 5,2 триллион теңгеге инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру міндеттемесін қабылдаған. Бұл жобалар аясында 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны сақталады деп күтілуде.

Қайтарылған қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Арнайы мемлекеттік қор есебінен шамамен 480 млрд теңгеге 434 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Олардың ішінде:

  • 227 су инфрақұрылымы нысаны
  • 183 медицина нысаны
  • 11 білім беру нысаны
  • 5 спорт нысаны
  • 8 инфрақұрылымдық жоба бар.

Нәтижесінде 312 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 158 су нысаны мен 148 медицина мекемесі пайдалануға берілді.

Активтерді қайтару жұмыстары «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура бұл бағыттағы жұмысты мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп жалғастыратынын мәлімдеді.