Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне алаңдайтын негіз жоқ – Әшімбаев
Сенат кулуарында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты сұраққа жауап беріп, Қазақстан халқына алаңдайтын еш себеп жоқ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілішісі.
Жалпы елдің қауіпсіздігін сақтау – мемлекеттің негізгі мақсаты. Осы бағытта көп жұмыстар жасалып жатыр. Халыққа алаңдайтындай ешқандай себеп жоқ деп есептеймін. Сыртқы саясатпен де, қауіпсіздік мәселесімен де айналысқанымды білесіздер. Қазір Парламентте жұмыс істеп жатырмын. Бұл жерде халқымыздың алаңдайтын, талқылайтын үлкен мәселе жоқ. Қауіпсіздігіміз тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп жатыр. Осы бағытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен жұмыс жасап жатыр. Біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бірнеше нақты жолдары бар. Біріншіден, біз барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынасты дамытып, сыртқы саясатта тепе-теңдік сақтауымыз керек, - деді Мәулен Әшімбаев
Сондай-ақ, ол әскери күштерімізді күшейтуге ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
Әскери күштерімізді күшейтуге біраз көңіл бөліп отырмыз. Біраз қаржы бөлінді, техника дамып жатыр, қару-жарақ жаңартылып жатыр. Бұл бір күнгі мәселе емес, соңғы 10 жылда осы бағыттарда біраз жұмыс жасалды. Бұл да біздің қауіпсіздігімізге тікелей әсер ететін үлкен қадам екені сөзсіз. Сондай-ақ қазір әлемде қауіпсіздікті сақтаудың бірден-бір жолы – экономиканы күшейту. Экономика басқа мемлекеттерге тәуелді болмауы керек. Мысалы, тауарларға тәуелді болып жатсақ, өзімізде бір нәрсені шығармай жатсақ, басқа мемлекеттер бізге бір нәрсе бермей қалса, ол әрине біздің экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей әсер етеді, - деді Сенат төрағасы.