Президент: Мемлекетіміз жаһандық жағдайға бейімделді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда аккредиттелген шет елдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу барысында айтты. Президенттің сөзін оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар! Стратегиялық маңызы зор мақсаттарға қол жеткізу үшін сыртқы жағдайлар да қолайлы болуы керек. Тұңғыш президентіміздің салиқалы саясатының арқасында еліміз халықаралық алаңда лайықты орын алды. Мемлекетіміз жаһандық жағдайға бейімделді. 2019 жыл халықаралық деңгейдегі көптеген табысты кездесулерге де толы болды. Мен сындарлы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға ресми сапармен бардым. Келіссөздер өте нәтижелі өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуразиялық экономикалық одақтың, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының саммиттеріне қатыстым, - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, жыл соңына дейін Қырғызстан мен Германияға сапарларым жоспарланып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, сөз сөйлеп, соның аясында бірқатар елдің басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Биыл Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасы, Грузия, Армения, Моңғолия, Беларусь және Швейцарияның мемлекет және үкімет басшылары келді. Осы сапарлар мен кездесулер өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттарын айқындауға жақсы мүмкіндік тудырды, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы